«Қазақстанның энергетикалық картасында атом станциясының пайда болуы ел экономикасының жаңа әрі сапалы деңгейге көшкенін білдіреді». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтау кезінде осылай мәлімдеді. Ақордада өткен салтанатты жиында энергетика саласын дамытуға елеулі үлес қосқан бір топ азамат мемлекеттік наградамен марапатталды.
Жиында Мемлекет басшысы қазір бүкіл әлем түбегейлі бетбұрыс кезеңін бастан өткеріп жатқанын алға тартып, атом электр станциясының құрылысын бастау туралы стратегиялық шешімнің маңызына назар аударды. Президенттің пайымдауынша, бұл болашақта еліміздің энергетикалық келбетін түбегейлі өзгертіп, экономикамызды қайта құруға ықпал етеді. «Сондай-ақ қазір еліміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды. Әрине, мұның барлығы энергетика саласы үшін үлкен сынақ болмақ. Сондықтан осындай маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін энергетика саласын түбегейлі жаңғыртуымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
– Қазақстанның энергетикалық әлеуетін нығайту – басымдыққа ие міндет. Биыл батыс аймақтардың электр желісін күшейтетін бірегей жоба аяқталады. Бұл жоба Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарының энергетикалық тораптарын біріктіреді. Енді осы тораптарды бірыңғай ұлттық энергетика жүйесіне жалғау қажет. Елімізде басқа да ірі жобалар қолға алынып жатыр. Атап айтқанда, Екібастұздағы екінші ГРЭС-те жаңа энергоблоктар салынады. Сондай-ақ үшінші ГРЭС-тің құрылысы басталмақ. Бұл нысандар еліміздегі энергетика жетіспеушілігін жоюға тиіс.
2026 жылы Алматыдағы электр станцияларын жаңғырту, сол арқылы ауаның ластану деңгейін төмендетіп, қаланың экологиялық ахуалын жақсарту қажет екенін де Мемлекет басшысы атап өтті. Бұған қоса келесі жылы Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ қондырғысы бар электр станцияларын толық іске қосылуға тиіс. 2030 жылға дейін кемінде 200 нысанға реконструкция жасалып, 86 мың шақырым желі жаңарады. Мемлекет басшысы: «Қазақстан – көмірге бай ел. Осы стратегиялық артықшылықты дұрыс пайдаланған жөн», — деді өз сөзінде.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
– Қазақстанның табиғи ресурстарын және өндірістік әлеуетін ескерсек, біз электр қуатын басқа елдерден сатып алмауымыз керек. Түптеп келгенде, бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Бұдан бөлек, еліміздің зор энергетикалық мүмкіндігін тиімді қолдану қажет. Мысалы, Қазақстан – көмірге бай ел. Жыл сайын 110 миллион тоннадан астам көмір өндіріледі. Осы стратегиялық артықшылықты дұрыс пайдаланған жөн. Біз заманауи үлгідегі «таза көмір» технологиясына тезірек көшуіміз керек. Сол арқылы көмір станцияларының тиімділігін арттыра түсеміз. Бұдан бөлек, Курчатов қаласында жылу электр станциясын, Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салу қажет. Осы нысандардың барлығына «таза көмір» технологиясын енгізу керек. Шындығын айтсақ, бұл жобалардың жүзеге асуы әбден созылып кетті. Енді ары қарай күтуге болмайды.
Мемлекет басшысы ресурстарды үнемдеп пайдалануға шақырды. Президенттің айтуынша, азаматтарымыз да бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауы керек. «Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажет игіліктер. Соның бәрін үнемдеп, ақылмен пайдаланған абзал. Жалпы, бұл – тұтас экономикаға ортақ талап. Ысырапшылдыққа жол беруге болмайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ақордада өткен салтанатты жиында энергетика саласын дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.