Дәрігерді ұрып-соққандар 6 жылға дейін сотталуы мүмкін

Енді дәрігерге, фельдшерге немесе жедел жәрдем жүргізушісіне тиіскен адам жауапкершіліктен оңай құтылмайды. Мәжіліс депутаттары медицина қызметкерлерін қорғауға арналған заңды екінші оқылымда қабылдады. Қылмыстық кодекске арнайы жаңа бап енгізілді. Ақ халаттыларға қарсы әрекет еткендерге жаза, қатаңдатылды.

Жаңа заңда қорқыту мен нақты күш қолдану екі бөлек қаралады. Егер медицина қызметкеріне қоқан-лоқы жасалса, бұрын ұсынылғандай тым ауыр жаза болмайды. Айыппұл, түзеу жұмыстары, 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру қарастырылған. Ал қол көтеріп, ұрып-соқса – кешірім жоқ.

Егер шабуыл бір емес, бірнеше медицина қызметкеріне жасалса, сондай-ақ бірнеше рет қайталанса, онда жаза да ауыр. Мұндайда 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін. Дәрігердің өмірі мен денсаулығына қауіп төнсе – 5 жылдан 10 жылға дейін, ал ауыр жағдайда тіпті 12 жылға дейін сотталуы ықтимал.

СНХ: САНЖАР АДИЛОВ, ІШКІ ІСТЕР ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
– Жыл басынан бері медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау бойынша 14 қылмыстық іс қозғалды. Барлығы тергеліп жатыр. Қорқыту мен күш қолдану әрекеттерінің бөліек қаралғаны дұрыс деп ойлаймын. Полиция бұл нормаларды іс жүзінде қолдануға дайын.

Соңғы бес жылда елде 280 дәрігерге шабуыл жасалған. Бірі мас күйінде, енді бірі ашуға беріліп, адам өмірін аман алып қалуға келген мамандарды соққыға жыққан. Депутаттар «бұған тосқауыл қоятын уақыт жетті», — дейді.

Айта кету керек, дәрігерлердің де қылмыстық жауапкершілігі бар. Ем жасау кезінде қате жіберсе, Қылмыстық кодекстің 317-бабымен, ал медициналық көмек көрсетпесе, 320-бабы бойынша жауап береді. Бұл – кодексте бұрыннан бар баптар. Заң жобасы Мәжілісте бірден қолдау тапты деуге келмейді. Кей депутаттар жазаны тым қатал санаған. Сондықтан кейбір тұстары жұмсартылды. Дегенмен дауыс беру кезінде көпшілік қолдап, құжат Сенаттың қарауына жіберілді.
———————————————