СҚО-да 130 дәрігер маманның орны бос тұр

Солтүстік Қазақстан облысында дәрігер тапшы. Қазір аймақта 130-дан астам маманның орны бос тұр. Елді мекендерді айтпағанда, Петропавлдың өзінде жағдай мәз емес. Түйткілді мәселенің түйіні қашан шешіледі?

Астана қаласының тумасы Дина Әбдірахманова – қолына дипломын алған жас маман. Өңірде ақ халаттыларға жасалып жатқан жағдайды естіп, еңбек жолын солтүстіктен бастауды жөн санапты. Қазір ол –көпбейінді балалар ауруханасының пульмонолог -дәрігері.

Соңғы жылдары аталған медициналық ұйым бірнеше маманмен толықты. Олардың бәріне әлеуметтік қолдау жасалуда. Осының арқасында кадр мәселесі тұрақталды.

АЛЕКСАНДР ГАССМАН, БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
– Дәрігер жалғыз болса, оның пәтер жалдап тұруына ай сайын аурухана есебінен 63 мың теңге аударылады. Ал екі баласы болса – 100 мың теңгеден жоғары. Реті келсе, дәрігерлер үйінен пәтер алуға қолқабыс етеміз. Артынша біліктілігін арттыру үшін шетелге жіберу жағын да қарастырамыз.

Емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жақсарғанымен, шешімін таппай жүрген басты мәселе – осы маман тапшылығы. Қазір ауыл былай тұрсын, облыс орталығында жағдай күрделі. Сондықтан мәселені шешу үшін өңірге жұмысқа келгендерге берілетін көтермақы көлемі ұлғайтылды. Әрі бір дәрігердің бірнеше жерде еңбек етуіне мүмкіндік қарастырылды.

Денсаулық сақтау басқармасындағылардың сөзінше, биыл облыс 59 дәрігермен толықты. Дегенмен әлі 130-дан астамының орны бос түр. Әрі еңбек етіп жатқан ақ халаттылардың көбі – зейнет жасына таяғандар.
———————————————