Үкімет азық-түлік бағасын тұрақтандыру шараларын күшейтпек. Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін уақытша кеңейту тапсырылды. Бұл нарықтағы бағаның негізсіз өсуін шектемек.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
– Үкімет отырысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты негізгі көрсеткіштерге баяндама жасалды. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, биылғы 11 айдың қорытындысында жалпы ішкі өнім 6,4% өскен. Оның негізгі үлесі өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Әсіресе көлік құрастыру секторында айтарлықтай серпін бар. Биыл бұл бағытта бірқатар ірі жобалар іске қосылып, машина жасау саласындағы өсім 11,6% жеткен. Ал өңдеу өнеркәсібі шамамен 5,9% артты.
Экономикада шешімін күткен мәселелер де бар. Сауда, құрылыс және көлік қызметтері бойынша өсім қарқыны баяулаған. Әсіресе металлургия саласындағы көрсеткіштер көңіл көншітпейді. 11 айдың қорытындысы бойынша қазынаға 21,9 триллион теңге кіріс кірді. Дегенмен әлемдік мұнай бағасының төмендеуі мен экспорт көлемінің кемуі ірі кәсіпорындардан түсетін салықтың азаюына әкелген.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
– Үкімет отырысында ұлттық валюта бағамы да жеке қаралды. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жыл басынан бері теңге бағамы 2,4% нығайған. Соңғы екі айда инфляция деңгейі 12,4% дейін төмендегені айтылды. Алайда бұл үрдіс барлық өңірде бірдей емес. Ұлытау, Ақмола және Атырау облыстарында баға өсімі керісінше жоғарылаған. Негізгі себеп – азық-түлік тауарларының қымбаттауы.
Кеңейтілген әлеуметтік маңызды азық-түлік тізбесіне түрлі ет өнімдерінен бөлек, алмұрт, алма, қызанақ, қияр және басқа да өнімдер кіреді. Әр өнім бойынша министрлік өкілдері кәсіпкерлер және мемлекеттік органдармен жеке талқылау жүргізген.
ЕРНҰР ЖӘУТІКБАЕВ, САУДА КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
– Баға өсіміне ең көп ықпал етіп отырған, алайда әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесіне кірмейтін 31 тауар анықталды. Олардың ішінде түрлі ет, балық, алмұрт, алма, қызанақ, қияр және басқа да азық-түлік тауарлары бар. Бұл – уақытша шара. Бұл өндірушілерге кері әсер етпейді және бағаның негізсіз өсуіне жол бермейді.
«Негізгі мақсат – әсіресе мереке қарсаңында болатын алыпсатарлықтың алдын алып, халық үшін қолжетімді бағаны қамтамасыз ету», — дейді сала мамандары.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.