Ақтөбедегі апатты үй тұрғындары өтемақыларын ала алмай келеді

Ақтөбеде алты пәтерлі үйдің тұрғындары үйінді астында қаламыз ба деп қорқып отыр. Екі жыл бұрын бұл үй апатты деп танылып, иелеріне осы жазда, тиісті өтемақы беріледі делінген. Алайда халық әлі күнге дейін ескі үйде тұрып жатыр. Себебі төлемақыға келіспейтіндер де бар.

Қала сыртындағы бұл үйдің іргесі өткен ғасырдың 60-жылдары қаланған. Барак ретінде салынған ғимаратқа осыдан екі жыл бұрын апатты деген шешім шығарылған. Себебі қабырғалары қақырап, едені опырылып, төбесі түсіп жатыр. Тұрғындарға нарықтағы бағамен баспаналарын сату ұсынылған. Құны – 7-ден 14 миллион теңгеге дейін. Алайда бұл ақшаны аз санайтындар да бар. Апатты үй пәтерлер толық босағаннан кейін сүрілуге тиіс.

Алайда әкімдіктің қойған бағасына келіспеген бір отбасы әлі күнге апатты үйде тұрып жатыр. 7 миллион теңге тым аз деп отыр. Бұл биліктің бас ауруына айналған. Себебі тұрғындардың жүз пайыз келісімі керек.

Бұл мәселе енді сот арқылы шешімін таппақ. Қазір осы іске қатысты құжат дайындалып жатыр. «Отбасын күштеп шығаруға құқымыз жоқ, басқа амалымыз да болмай тұр», — дейді әкімдік өкілі. Бұл біраз уақытты қажет етеді. Ал осы жерде тұрып жатқандарға жаңа жылды суық, қауіпті үйде қарсы алуға тура келгелі тұр. Оларды алаңдататрн тағы бір мәселе – нарықтағы бағаның келесі жылы қалай болатыны. Тұрғындар ұсынған қаржыға үй түгілі, үйшік ала алмай қаламыз ба деп қауіптенеді.
———————————————