Қазақстан волонтерлік қозғалысты дамытуда аймақта ғана емес, жаһандық деңгейде де көшбасшы елге айналып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады.
Келесі жыл халықаралық волонтерлер жылы болып жариялануына байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан Ұлттық ұйымдастыру комитеті құрылды. Халықаралық жұмысты үйлестіру үшін екі қазақстандық волонтер БҰҰ-ның өңірлік хатшылықтарына жіберілді. Еуропа мен Орталық Азия бойынша өңірлік үйлестіруші Зарина Мирабдуллаеваның айтуынша, Қазақстан – волонтерлік саясатта нақты үлгі қалыптастырған санаулы елдің бірі.
Халықаралық тәжірибе де кеңеюде. Толық қаржыландыру бағдарламасы аясында биыл 7 қазақстандық волонтер Кения, Түркия және Таиландта қызмет атқарып жүр. Ал ТМД елдері үкімет басшылары кеңесінің шешімімен жыл сайын Волонтерлер форумы өтетін болды. Алғашқысы 2026 жылы Астанада ұйымдастырылады. Волонтер еңбегі елеусіз қалмайды. «Жыл волонтеры» сыйлығы жыл сайын табысталып келеді. Ал «Игі істер марафоны» аясында бір жылда 9 мыңнан астам қайырымды іс атқарылған.
Ел ішінде де жүйе жолға қойылған. Қазір Қазақстанда Ұлттық фронт-кеңсе, 20 өңірлік кеңсе, бірыңғай Call-орталық және Qazvolunteer.kz платформасы жұмыс істейді. 2025 жылы белсенді волонтерлер саны 300 мыңға жуықтады. Оның ішінде 6 мың «күміс» волонтер бар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.