Қарағандыда робот-нейрохирургтің көмегімен миға операция жасала бастады. Ерекше құрылғы 400 миллион теңгеге сатып алынған. Мамандардың айтуынша, робот эпилепсия мен паркинсонға шалдыққан науқастарға қолданылады. Нәтижесі көз қуантады.
Қарағандыдағы профессор Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада орнатылған нейрохирургиялық кешен елімізде әзірше жалғыз. Роботтандырылған жүйе мидағы ең күрделі операцияларды орындауға қабілетті. Құрылғы науқастың талдаулары мен медициналық деректерін сараптап, жасанды интеллект көмегімен ісікке жетудің ең қысқа әрі қауіпсіз жолын анықтайды. Нәтижесінде, ота уақыты қысқарып, пациентке және медицина қызметкерлеріне түсетін салмақ айтарлықтай азаяды.
Роботтың көмегімен хирург-дәрігерлер Паркинсон дертіне, эпилепсияға шалдыққан, сондай-ақ ми ісігі мен гематомасы бар науқастарға операция жасай алады. Кейбір жағдайларда андроид жұмыстың 60 пайызына дейін өз мойнына алады. Бұл нейрохирургиялық кешен облыстық бюджет есебінен 400 миллион теңгеге сатып алынған. Құрылғыны алмас бұрын дәрігерлер арнайы дайындықтан өтіп, отандық нейрохирургтер Қытайда тағылымдамадан өтіп келді.
Жасанды интеллектіні енгізу жылына 300-ден астам жоғары дәлдіктегі операция жасауға мүмкіндік береді. Бұл емделу мерзімін қысқартып, науқастардың қауіпсіздігін арттырмақ. Дегенмен мамандардың айтуынша, инновациялық құрылғының мүмкіндігіне қарамастан, операция бөлмесіндегі басты тұлға хирург болып қала бермек. Сондықтан пациенттерге алаңдауға негіз жоқ.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.