Астанада 40-тан астам жаңажылдық шыршаның шамы жағылды

Астанада бір мезетте 40-тан астам жаңажылдық шыршаның шамы жағылды. Олар қаланың алты ауданындағы негізгі мерекелік алаңдарға қойылған. Биіктігі 25 метрге дейін жететін жасыл желектер ерекше сәнмен безендіріліп, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Біз дәл қазір Астананың Алматы ауданындамыз. Мұнда жаңажылдық мерекелік көңіл күй айрықша сезіліп тұр. Осыдан бірер минут бұрын бұл ықшам аудандағы төрт бірдей алаңда жаңажылдық шыршалар шамы жағылды. Соның ең ірісі осы Ақбұлақ өзенінің жағалауына қойылған. Міне, мұндағы шыршаның биіктігі – 25 метр. Оны безендіруге жаңажылдық гирляндалар, түрлі түсті сәндік элементтер, шырша ойыншықтары мен жарық инсталляциялары пайдаланылды. Ал айналасы ертегі кейіпкерлерімен безендірілген. Жаңажылдық жасыл желек көздің жауын алады. Алаңда тұрғындар отбасымен серуендеп, фотосуретке түсіп жатыр. Сондай-ақ мерекелік отшашушы да тамашалады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, биыл Елордадағы барлық қысқы шаралар «Ертегі Fest» атты ортақ тұжырымдама аясында өтуде. Барлық орында тұрғындардың уақытты тиімді өткізуіне жағдай жасалған. Шырша маңында мұз айдындары, тақырыптық инсталляциялар, фотоаймақтар орналастырылған. Осылайша, елорда тұрғындары мен қонақтарын алдағы күндері нағыз қысқы ертегі күтіп тұр. Жаңажылдық шыршалардың шамы жағылды, демек, жаңажылдық көңіл күй басталды десе болады.
———————————————