Сотта Айзат Жұманованы ауруханаға жеткізген кездегі жантүршігерлік видео көрсетілді

Талдықорғанда Айзат Жұманованың өліміне қатысты сот жалғасып жатыр. Сотта әйелді ауруханаға жеткізген кездегі жантүршігерлік жағдайы түсірілген бейнежазба көрсетілді. Кадрда Айзаттың ес-түссіз арбада шалқасынан жатқаны көрініп тұр. Кейін күйеуі Айбар Жанболат оны маңдайынан сүйіп кетеді. Сосын дәлізде марқұмның енесі пайда болып, ұлы екеуі Айзаттың аяғын уқалап, басын қозғалтып, бетін шүберекпен сүртеді. Бүгін сотта марқұмның күйеуі – айыпталушы Айбар Жанболат жауап берді.
Айта кету керек, Айзат Жұманованың жақындары істі қайта саралауға қол жеткізгісі келеді. Олардың пікірінше, мұндай аса қатыгез кісі өлтіру үшін жаза ең жоғары деңгейде болуға тиіс. Қазіргі таңда іс 99-баптың 1-бөлігі бойынша қаралып жатыр. Айырмашылығы мынада: бірінші нұсқа бойынша кінәсі дәлелденсе, айыпталушы 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады, ал екінші бап бойынша жаза әлдеқайда ауыр – 15 жылдан 20 жылға дейін.
Сонымен қатар процеске тәуелсіз сот-медициналық сарапшысы Тахир Халимназаров қатысты. Айта кетейік, Тахир Халимназаров бұған дейін Салтанат Нүкенова мен Шерзат Полаттың өліміне қатысты істерде сотта сарапшы ретінде қатысқан. Ол бүгін Жұманованың нақты неден қайтыс болғанын айтты.
ТАХИР ХАЛИМНАЗАРОВ, САРАПШЫ:
— Жарақаттың көбін тірі кезінде алған. Аяғында-қолында сүрілген із бар, оны өлгеннен кейін түскен жарақаттар деп есептедік. Өйткені тірі кезінде алынған жарақаттың көрсетпелері жоқ. Қанталаулар болған соғ өлгеннен кейін түскен жарақат деп қорытынды бердік. Бұл жерде өлімнің себебі бас ми жарақаты деп табылды. Оны бірінші рет сараптама жасағанда көрсеткенбіз. Сол кезде анализдарды гисталогиядан алып, бәрі дәлелденген.
РАУШАН ДӘУРЕНБЕКОВА, МАРҚҰМНЫҢ ӘПКЕСІ:
— Қазақ: «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді», — дейді. Айбар қанша жылға отырса да, қайтып келеді. Ал біздің қызымыз қайтып келмейді. Қызымыз о дүниеге кеткенде біз оның жарқын бейнесін көз алдымызға елестете алмайтындай, көкала қойдай күйінде көңілімізде қалдырды. Соттың адалдығына, әділдігіне сенеміз.
———————————————