Бестеректегі жол апаты: төрт баланың өліміне себепші болған жүргізушіге қатысты сот жалғасуда

Абай облысына қарасты Бестерек ауылында биыл тамызда болған қайғылы жол апатына қатысты сот процесі жалғасуда. Үй маңында ойнап жүрген алты баланы көлік қағып, төртеуі көз жұмған еді. Бүгін куәгерлердің жауабы тыңдалып, сараптамалық қорытынды жарияланды. Жәбірленуші тарап айыпталушының әйелін де жауапкершілікке тартуды талап етті. Сотта зерттеу және хаттарды қарау хаттамалары таныстырылып, іске тіркелген фотокестелер ұсынылды. Айыпталушының диагнозы егжей-тегжейлі айтылды. Оған эпилепсия диагнозы 2013 жылы қойылған, ал тырысу ұстамалары айына екі-үш рет қайталанып отырған. Сотта диспансерлік есепте тұрған науқастарға кеңес беру, емдеу және бақылау мәселелері бойынша куәгер сөз сөйледі. Ол айыпталушыны жеке танымайды, бұрын көрмеген. 2020 жылы жүргізуші куәлігі қайта берілген кезде комиссия құрамында болмағанын айтты.
———————————————