Қ. Тоқаев Токиодағы БҰҰ Университетінде дәріс оқыды

Қазақстан Президентінің күншығыс еліне жасаған ресми сапарының маңызы зор, бағдарламасы мазмұнды. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Токио губернаторымен кездесті. Төтенше жағдайлар жөніндегі ахуалдық орталықты аралап, ірі корпорациялар басшыларын қабылдады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Komatsu компаниясының Қазақстанда операторлар, механиктер мен инженерлерге арналған өңірлік оқу орталығын ашу бастамасын қолдады. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Университетінде дәріс оқыды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапония жасаған ресми сапары жалғасып жатыр. Бүгін Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы Университетінде дәріс оқыды. Білім ордасы әлемнің 12 елінде орналасқан 13 институтты біріктіретін жаһандық ғылыми-зерттеу және білім беру орталығы саналады. Қасым-Жомарт Тоқаев – дәл осы университетте дәріс оқыған Орталық Азия елдері басшылары арасында алғашқы президент.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазақстан жақын көршілері – Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия елдерімен жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытып келеді. Біз бұл тату көршілікті Қазақстанның тұтас Еуразиядағы сенім мен өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін стратегиялық артықшылығы деп білеміз. Сондай-ақ Америка Құрама Штаттарымен және Еуропа Одағымен ұзақ мерзімді ықпалдастықты кеңейтіп, Таяу Шығыспен, Азия және Жаһандық Оңтүстік елдерімен байланысты күшейтеміз.

Президенттің айтуынша, Жапония – Қазақстан үшін айрықша маңызға ие мемлекет. Екі ел сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа көкжиегін ашу арқылы әріптестікті одан әрі нығайтуға ниетті. Бір айта кетерлігі, мемлекеттер арасындағы байланыс тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Қазақстан мен Жапония ядролық қарудың адамзатқа тигізер қаупін терең түсінетін елдер. Қасым-Жомарт Тоқаев осыны ерекше атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Хиросима, Нагасаки және Семей қасіреті ядролық қаруға жауапкершілікпен қарап, ұстамдылық танытудың қаншалықты маңызды екенін еске салады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Семей ядролық полигонын жабу және әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту туралы тарихи шешім қабылдады. Бұл біздің осалдығымыз емес. Керісінше стратегиялық көрегендік танытып, осы арқылы бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігі маңызды екенін көрсеттік. Арада отыз жылдан аса уақыт өтсе де, осы ұстанымнан айныған жоқпыз: жаһандық қауіпсіздік жүйесін ядролық қарумен ұстап тұруға болмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі ел ішіндегі жетістіктермен тікелей байланысты екенін де атап өтті. Оның пікірінше, жауапты ішкі саясат – тиімді дипломатияның негізгі тірегі.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Биыл Қазақстанда Орталық Азия және Ауғанстанға арналған БҰҰ орнықты даму орталығы ашылды. Қазақстан осы алаңның негізінде Алматыда БҰҰ университетінің өңірлік филиалын құруға әзір. Оның қызметін, ең алдымен, су және климат қауіпсіздігі, қақтығыстарды реттеу, бітімгерлік, орнықты даму мен жасанды интеллектіні басқару мәселелеріне бағыттауға болады

Сөз соңында Президент Қазақстанның БҰҰ Университеті мен отандық жетекші жоғары оқу орындары арасындағы институционалдық әріптестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Бұл бірлескен зерттеулер, академиялық тәжірибе алмасулар мен жаңа буын мамандарын даярлау арқылы жүзеге аспақ. Сондай-ақ Мемлекет басшысының қатысуымен Сыртқы істер министрі мен БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – Университет ректоры Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
———————————————