Желіде итті азаптаған тағы бір видео тарады. Оқиға Тараз қаласында болған. Үй жануарын жеңіл көлікке байлап, қатты жылдамдықпен сүйреген азаматтың әрекетін оқушы мен оның анасы телефонға таспалап алған. Кейін бейнежазбаны әлеуметтік желіге жүктеген. Куәгерлер итті не себепті қатыгездікпен тасымалдағанын сұраған. Алайда жүргізуші бұл өзінің жеке ісі екенін айтып, оны үйіне дейін осылай апаратынын жеткізіпті. Ал зооқорғаушылардың айтуынша, жаға ұстатарлық жағдайды жануарларды аулау қызметінің мамандары жасаған. Сондықтан полицияға арыз жазды.
ЖАННА МАМАШЕВА, ЗООҚОРҒАУШЫ:
— Мұндай сәтте үнсіз қалу мүмкін емес. Облыстық ветеринариялық станцияның қызметкерлері ережелерді өрескел бұзып жұмыс істеп жатқаны туралы мен бұған дейін де талай мәрте айтқам. Облыстық мәслихат депутаттарына, полицияға, прокуратураға да жүгіндім. Бірақ нәтиже жоқ. Жуырда қант зауыты ауданында, иттерді жаппай ату фактісі тіркелді. Ал оларды атуға заңмен тыйым салынған.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.