Астана колледждерінде биыл жаңадан үш мамандық ашылып, жүздеген студент гидротехник, ландшафт дизайнері және хаусмастер кәсібін меңгеріп жатыр. «Қазір бұл мамандарға сұраныс аса жоғары», — дейді қалалық білім басқармасының басшысы. Елордада бүгін Жұмысшы мамандықтар жылы қорытындыланды.
Аяулым Ахылбек – Астанадағы қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің студенті. Болашақта әлемге танымал кондитер-эксперт болғысы келеді. Аяулымды әсіресе шоколадтан түрлі мүсін жасау ісі қызықтырады. Сондықтан қазірден осы салада халықаралық байқауларға қатысып, шеберлігін шыңдап жүр. Бүгін жас кондитер қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
АЯУЛЫМ АХЫЛБЕК, КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТІ:
— Барлығын үйден бастадым. Үйде әртүрлі бәліш, торттар жасадым. Міне, осындай жетістіктерге жетіп отырмын. Мен WorldSkills 2024 республикалық байқауында кондитерлік ісі бойынша бірінші орын алдым. Әртүрлі шетелдік тағылымдамалардан өттім. Мысалы, Францияда, Индияда және Гонгконгта болдым. Осы қыркүйекте болған EuroSkills Herning әлемдік чемпионатына қатыстым.
Елорда әкімдігі бүгін бір жылға жалғасқан Жұмысшы мамандықтар жылын қорытындылады. Нәтижесі көңіл қуантады. Төрт колледж швейцариялық мамандардың халықаралық аккредитациясын алды. Енді сол оқу орындарында оқитын студенттер әлемнің басқа университетінде білімін жалғастыра алады. Сондай-ақ үлкен шетелдік компанияларға жұмысқа орналасуға әбден мүмкін. Бұдан бөлек, колледжерде үш жаңа мамандық ашылды. Технологиялық колледж базасында су мамандары даярлана бастаса, сервис колледжі ландшафт дизайнерлерін оқытып жатыр. Құрылыс-техникалық колледжі хаусмастерлер дайындап шығарады.
ҚАСЫМХАН СЕНҒАЗЫЕВ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Хаусмастер дегеніміз – үйлерге қызмет көрсету. Ол жерде үш мамандық біріктірілген: электрик, сантехник және үйдің ішін әрлеп-сырлайтын адамдар. Сол кезде бір адам осы үш қызметті де атқарып жүре береді. Бұған енді тапсырыс беріп отырғандар қаладағы ОСИ; КСК. Неге десеңіз, оларға үш адамды жұмысқа алғанша, бір адамды ұстаған жеңілірек. Оны құрылыс-техникалық колледж базасында аштық.
Жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту үшін биыл әкімдік грант санын 10 мыңға көбейткен. Қазір елордадағы 32 колледжде экономиканың негізгі салаларына қажет кадрлар дайындалып жатыр. Мұнда теориядан гөрі тәжірибеге басымдық берілген. Мысалы, сервис колледжінің флористика мамандығында оқитын қыз-жігіттер гүл салонында білімін шыңдайды.
САЛТАНАТ БАСЫҒАРАЕВА, СЕРВИС ЖӘНЕ ТУРИЗМ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Қаладағы Romantic гүлдер желісімен келісімшартқа отырып, дуалды оқыту жүйесі барысында студенттерді оқытып жатырмыз. Биыл біздің студент флористика мамандығы бойынша Данияда өткен EuroSkills-қа қатысып, өзінің машықтарын, дағдыларын көрсетті.
Колледждер еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделіп, жұмыс берушілермен тікелей жұмыс істейді. 90-нан астам кәсіпорынның өтінімі негізінде қазір 17 мамандық бойынша шамамен 3 мың студент мақсатты даярлықтан өтіп жатыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.