Астанада 800-ден астам экологиялық акция өтті

Биыл Елордада қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылды. Жыл басынан бері Астанада 800-ден астам экологиялық акция ұйымдастырылып, оған 627 мыңнан астам қала тұрғыны қатысты. Шамамен 120 мың тонна қоқыс шығарылды. Әсіресе су нысандарын қалпына келтіру мен тазалауға ерекше көңіл бөлінді. Нәтижесінде, Есіл өзені, Нұра-Есіл, Ақбұлақ және Сарыбұлақ каналдары, кіші Талдыкөл жүйесі биомелиоративтік технологиялар арқылы тазартылды. Су айдындарынан 3 мың тоннадан астам қалдық жиналған. Қаланы көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілді. Астанада 1,1 миллионнан астам ағаш пен жасыл желек отырғызылды. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» чат-боты іске қосылғалы бері 3 600-ге жуық өтініш түскен. Соның 89 пайызы нақты шешімін тапқан. Экологиялық бастамалардың тиімділігі бұқара тарапынан да оң бағалануда.
———————————————