Жеке сот орындаушы астаналық әкеден 196 млн теңге алимент өндірді

Астанада жеке сот орындаушы борышкерден 196 млн теңге алимент өндірді. Қалтасы қалың болса да, 10 жыл бойы табысының бір бөлігін баласына қимаған сараң әкеден алимент өндіру оңай болмаған. Дегенмен бұл – осы жүйедегі ең ірі, рекордтық сома. Осы оқиғадан кейін жеке сот орындаушының бәсі биіктеп, қызметіне сұраныс артқан.
Жеке сот орындаушы – Мейрам Әбдіков өзінің 20 жылдық еңбек жолында дәл осындай мөлшерде қарыз өндіріп көрмегенін айтады. Оның үстіне балалардың әкесі кәсіпкер болғандықтан оның қаржылық жағдайын тексеру оңай болмаған. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметтері, әлеуметтік сақтандыру қорының деректері, банк көшірмелері, жалақы есеп-қисап парақтары, сондай-ақ ол жұмыс істеген ұйымдардың бухгалтерлік құжаттарын түгел зерттеуге тура келген.

МЕЙРАМ ӘБДІКОВ, ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫ:
— Бұл – командалық жұмыстың нәтижесі. 10 шақты сот отырысы өтті. Соның барлығында біз жеңіп шығып, осындай нәтижеге жеттік.

Палата өкілдері Мейрам Әбдіковтың күрделі алименттік істерге маманданғанын айтады. Бұған дейін ол тоғыз жыл бойы жиналған 52 миллион теңге қарызды да өндіріп алуға қол жеткізген. Ал әлгі кәсіпкер әйелімен 11 жыл бұрын ажырасқан. Осы уақыт аралығында балаларының тәрбиесіне араласпауы былай тұрсын, табысын жасырып келген.

Борышкер – ірі бизнестің иесі. Сот орындаушысының әрекеттеріне қарсылық білдіргенімен төрт баласына 196 миллион теңгені санап беруіне тура келген.

АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Бір жылға созылған белсенді жұмыс нәтижесінде соңғы 10 жылдағы 140 миллион теңге негізгі қарыз, сондай-ақ мерзімі өткен төлемдер үшін 56 миллион теңгеден астам өсімпұл өндіріп алынды. Осы істі атқарған жеке сот орындаушысына бұл жағдайдан кейін хабарласып, өтініш білдіруші де көбейген.Тіпті әріптестері де ақыл сұрайтын болған.
———————————————