Автолизинг бағдарламасы неге тұралап қалды?

Биылғы жыл жүргізушілердің жүйкесін әбден тоздырды. Бензин бағасы жыл басынан бері бір қалыпқа түспей қойды. Көктемде көтеріліп, жазда тағы бір серпіліп, күзде тіпті шиеленісе түсті. Ақыры Үкімет араласып, 16 қазаннан бастап бағаның өсуіне тоқтау салынды.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Бензин 2025 жылы құбылмалы нарықтың айнасына айналды. 28 қаңтарда Үкімет жанармай бағасын шектеуді тоқтатты. Енді бензин құны нарықтың еркінде деді. Халық бұл өзгерістің нәтижесін бірден сезді. Баға өсе жөнелді.

Қаңтарда АИ-92 бензині 205 теңге болса, ақпанда 207, көктемге қарай 210-ға таяды. Шілдеде 222 теңгеге жетті. Қалтаға салмақ сала бастаған кез – осы тұс. Жаз соңында литрі 228-ден бір шықты. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр шілдеде берген сұхбатында, бағаны көрші елдермен теңестіруді көздеп отырғанын айтты.

РОМАН СКЛЯР, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
— Біздің елде бензин көрші елдерге қарағанда арзан. Транзиттік көліктер әрі-бері өтіп, біздің бензинді құйып алып кетіп жатыр. Бұл ішкі нарықта тапшылық тудырады. Біз бензиннің сыртқа кетуін тоқтату үшін бағасын біртіндеп теңестіреміз.

Көршілермен теңесеміз деп жүргенде, көпшілік тұтынатын бензин 237 теңгеге құйыла бастады. 9 айдың ішіндегі өсім – 32 теңге! Төрт маусым бойы құбылған баға күзде ақыры билікті жаңа шешім қабылдауға мәжбүр етті. 16 қазанда Үкімет АИ-92 мен дизель отынына бағаны көтеруге мораторий жариялады.

СҰҢҒАТ ЕСІМХАНОВ, ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Мемлекет басшысының әлеуметтік жағдайды тұрақтандыру бойынша берген тапсырмаларына сәйкес барлық жұмыс жүргізілуде. Ең алдымен, жанармай бағасының өспеу мәселесін қарастырып жатырмыз. Бүгіннен бастап мораторий жарияланады. Бұл бағыттағы барлық өсім тоқтатылады. Қазіргі кездегі ішкі нарықтағы бағаны Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірігіп тиісті жұмыс атқарамыз. Сондықтан бұл жағынан тұрақтылық қамтамасыз етіледі.

Әрбір жанармай құю бекетінде сол күнгі құн сақталуы тиіс. Мораторий енгізілген кездегі ел бойынша орташа бағаны айтсақ, АИ-92 литріне 213-239 теңге, дизель отыны – 317-337 теңге болды.

ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Бензин бағасын көтеруге мораторий ресми түрде инфляция тұрақтанғанға дейін енгізілді. Ол әлі алдағы үш ай, яғни 2026 жылдың көктеміне дейін сақталуы мүмкін. Бензин бағасын реттеп алғаннан кейін Үкімет көлік саласына қатысты тағы бір маңызды шешім қабылдады. Ол – автокөлікті лизингке беру арқылы елдегі ескі-құсқы машиналардан арылу.

Осылайша, желтоқсанның бірінен бастап елде автолизинг бағдарламасы жарияланды. Үкімет оның жылдық шекті мөлшерлемесі 36 пайыздан аспауы керек деп белгіледі.

АЗАМАТ ПАНБАЕВ, ӨНЕРКӘСІП КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Кредиттен айырмашылығы – біріншіден, мүлік лизинг алушыға өтпейді. Лизинг берушіде қалады. Яғни автокөліктің меншік иесі лизингтік компания болып қалады. Ол алынған лизинг сомасы толық өтелмегенше меншік иесі лизинг компания болады. Бұл не деген сөз? Кез келген уақытта автокөлікті лизингтік компанияда ауыстыруға мүмкіндігі бар. Екінші артықшылығы, несие тарихының ықпалы аз болады. Яғни лизингтен өткен адамның шарты несие тарихында ескерілмейді.

Алғаш болып Алматы тұрғыны лизингке көлік алды. Су жаңа машина оған 10 пайыз бастапқы жарнамен, 15 пайыз жылдық үстемесімен берілді.

САЯТ ҮРПЕЖАНОВ, ЛИЗИНГ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:
— Киа Солута машинасын алды, 7 млн 900 мың тұрады. 790 мың тг бастапқы жарнасын төлеп, 15 пайыз үстемемен лизингке алды. Ай сайынғы төлеп отыратын төлемі – 260 мың теңге. 3 жылға берілді. 3 жыл біткеннен кейін компанияның атында тұрған көлікті клиентіміздің атына аударып береміз.

Әйтсе де алматылық азамат автолизингке көлік алған жалғыз адам болып қалып отыр. Диллерлер сол күні-ақ лизингке көлік сатуды тоқтатқан. Себебі бағдарлама шикі, механизмі түсініксіз. Осы бастаманың авторы – Мәжіліс депутаты Олжас Құспековтен мән-жайды сұрадық.

ОЛЖАС ҚҰСПЕКОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Заңнамаға өзгеріс керек. Салық кодексі жаңадан күшіне енетін болғандықтан, кішкене тоқтап тұр. Содан кейін Ішкі істер министрлігінің штраф салу, т.б. мәселелер шешілмей тұр. Мен қандай шешім жасау керек екенін Үкіметке жазбаша түрде жібердім. Сол шешімдер қабылданғаннан кейін, міндетті түрде әрі қарай жалғасады.

Заңнама қашан өзгеріп, автолизинг тетіктері қашан пысықталатынын депутат нақтылаған жоқ. Оның деректері бойынша, елде 5 миллионнан астам жеңіл көлік тіркелген. Соның 80 пайызға жуығы – 10 жылдан асқан көлік. Автолизинг бағдарламасы автонесиеге бәсекелес болып, көлік бағасын төмендетеді деген болжам бар.
———————————————