Саттықовтар әулетінде 13 энергетик бар

Ақпараттық технология дамыған заманда энергетикалық нысандардың да жұмысы автоматтандырылып, өндіріс те ілгерлей түскен. Салада білікті мамандарға сұраныс қашан да жоғары. Қуантатыны, елімізде бар ғұмырын тұтастай энергетика саласына арнаған әулет аз емес. Айталық, Саттықовтар әулетінің еңбек өтілі жүз жылдан асады. Бүгінде олар энергетика кешенін цифрландыруға қомақты үлес қосып келеді.
Бұл дастархан басында әдетте энергетика, инновация, тарих пен мәдениет жайлы көп сөз қозғалады. Саттықовтар әулетінде он үш энергетик бар және әрқайсысы үшін бұл мамандық – өмірлік таңдау. Салаға жол ашқан әулеттің ең үлкені – Күнзадаш апай. Энергетика саласында экономист болып 40 жылдан астам еңбек еткен. Зейнетке шыққан соң да қоғамдық қызметін жалғастырды. Энергетика және жылумен қамту саласы бойынша сот процестерінде тұтынушылардың құқығын қорғауға атсалысып келеді.

КҮНЗАДАШ САТТЫҚОВА, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ЭНЕРГЕТИГІ:
— Біздің отбасымызда әңгіме үнемі жұмыс жайлы айтылады, өйткені бәріміз энергетика саласындамыз. Қай жерде апат немесе ақау болса, соны талқылаймыз. Ағайын-туыстардың балалары, жиендер – барлығы энергетиктер. Кіші ұлым да осы мамандықты таңдады.

Күнзадаш Саттықованың кіші ұлы – жас ғалым, құрметті метролог, «Халық Алғысы» мемлекеттік наградасының иегері Әмір Қуат. Оның есімі тұрғындарға «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы арқылы кеңінен таныс. Ол – түрлі телеэфирлердің жиі қонағы, отын-энергетика кешенін цифрландыру саласындағы сарапшы. Әмір Біртұтас мемлекеттік отын-энергетика кешені жүйесіндегі жобаны басқарды. Бұл жүйе электр және жылу энергетикасынан бастап, жер қойнауын пайдалану мен көмір өнеркәсібіне дейінгі барлық саланы біріктірді.

ӘМІР ҚУАТ, ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ СЕРІКТЕСТІКТІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:
— EnergyTech жобасы өте ауқымды. Платформа нақты уақыт режимінде ақауларды анықтап, олардың себептерін көрсетеді. Яғни – баламасы жоқ жоба. АҚШ, Франция, Қытай және басқа елдерде жекелеген салаларды цифрландыру жұмыстары болған. Мысалы, электр энергетикасы немесе жылу энергетикасы бөлек. Ал Қазақстан – барлық саланы бір мезетте цифрландырған жалғыз мемлекет. Біз мұны бір жылда жүзеге асырдық.

Гүлзада Саттықова студент кезінен-ақ энергетика мен жаңа технологияларға басымдық берді. Бүгінде оның жетекшілігімен ел бойынша 21 өңірлік электр желілік компания және 130 энергия тасымалдаушы ұйым жұмыс істейді.

ГҮЛЗАДА САТТЫҚОВА, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ЭНЕРГЕТИГІ:
— Энергетика саласында қиындық көп. Мұнда тәулік бойы жұмысқа дайын болу қажет, үнемі байланыста жүруің керек. Себебі үздіксіз электр қуатымен қамту халықтың тұрмысы мен көңіл күйіне тікелей әсер етеді. Біз әрдайым сақадай сай, толық дайындықта жұмыс істейміз.

Өмірін еңбекпен өрнектеген Саттықовтар әулеті энергетика саласында жақсы таныс. 13 өкілдің бесеуі – еңбек сіңірген энергетик, басқалары мемлекеттік және салалық наградаламен марапатталған. Алайда олар үшін ең бастысы – орден, медаль емес, мамандыққа адал болу.
———————————————