Үкімет шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын бекітті

Істің көзін тапқан кәсіпкер қолдау көреді. Бүгін Үкімет отырысында «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы бекітілді. Бұл жоба әсіресе ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы бизнес өкілдерінің сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған. Жергілікті жерде салық түсімін көтеріп, елдің жағдайын жасау үшін бұған әкім-қаралар да атсалысуға тиіс.
«Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасы ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу, шағын наубайхана, жиһаз және құрылыс материалдарын өндіру сияқты тез нәтиже беретін, технология жағынан қарапайым, жылдам жүзеге асырылатын жобаларға бағытталған. Жаңа бағдарлама бойынша екінші деңгейлі банктер арқылы жыл сайын 400 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

Шағын кәсіп бастап, кепілге қояр заты болмаса қарыз сомасының 85 пайызына дейін «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры кепілдік берудің тетіктерін қарастырмақ. Сондай-ақ бизнес тек ақшаны ғана емес, нақты ресурстарды да ала алады. Яғни оларға – жеңілдікпен үй-жайларды, жер телімдерін жалға алу және коммуникациялар жүргізу мүмкіндіктері берілмек. Өндірісті тиімді іске қосу үшін сервистік сүйемелдеу және сол салаға бағытталған онлайн-оқыту курстары ұйымдастырылады делінді Үкімет отырысында.

АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Қазақстанда кәсіпкерлерге көмек ретінде «Халық бухгалтері» акциясы басталады. Мақсат – жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субьектілеріне бухгалтерлік және салықтық есепті дайындау және тапсыру кезінде кеңес беру. Осылайша бизнес өкілдері есеп-қисап бойынша қосымша тәлім ала алады.

Салық есебін тапсыру нысандарының саны жыл сайын төмендеп келеді. Мәселен, 2009 жылдан бері 70-тен 28-ге немесе 60 пайызға азайған. «Енді бұған қосымша 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндеттемелер сомасы 1 млн теңгеден аспайтындар үшін мүлік, көлік және жер салықтары бойынша ағымдағы төлемдерді тоқсан сайын тапсыру міндеті жойылады», — деді қаржы министрі Мәди Тәкиев. Ал жаңа «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылып, ауыл аймақтағы кәсіптің тасы өрге домаласа, жергілікті қазынаның қалтасы да қампаяр еді. Премьер-министр жаңа жобаға қатысты Үкімет мүшелеріне бірқатар тапсырмалар берді.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР МИНИСТРІ:
— Аталған бағдарламаға сәйкес, біз жай ғана субсидия беру әдісінен өңірлердің ортақ жауапкершілігі моделіне көшеміз. Біздің мақсатымыз – тек несие беру емес, тұрақты өндірістер құрып, өнім шығару көлемінің нақты өсімін қамтамасыз ету.
«Бағдарламаны жергілікті бюджеттер есебінен де қоса қаржыландыру көзделуі қажет. Сондай-ақ облыс әкімдері де бизнес өкілдеріне өндірістік ғимараттарды жеңілдікпен жалға алуына мүмкіндік жасауға тиіс», — деді Премьер-министр.
———————————————