2025 жыл қазақ спорты үшін тарихи жыл болды. Әлемдік аламандар мен құрлықтық додаларда отандастарымыз 50-ге жуық сенсация жасады. Бірнеше спорт түрінен бұрын-соңды болмаған нәтиже тіркеді. Жаттықтырушылардың жалақысы 30% артып, бүкіл ел бойынша 79 спорт нысаны қолданысқа берілді. Жыл аяқталғанша тағы елуін пайдалануға берілмек.
Жылан жылы қазақ спорты қазақ боксшылары үшін жетістікке толы жыл болды. Саңлақтарымыз байрақты бәсекелерде ел мерейін асырып, даңқымызды аспандатты. Боксшылар екі Әлем чемпионатына қатысып, 22 медаль жеңіп алды. Назым Қызайбай үш дүркін Әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ қызы атанса, тағы бес боксшымыз екі дүркін Әлем чемпионы болды.
АБЫЛАЙХАН ЖҮСІПОВ, ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:
— Біз үшін өте сәтті болды деп ойлаймын. Бокстан ересектер арасында 7 әлем чемпионы шықты. Енді алдағы жылы көп жарыс бар. Азия ойындары, Азия чемпионаты. Келер жылы да спортшыларымыз барынша табысты өнер көрсетіп, елге алтын медальдармен оралады деген сенімдемін.
Аты аңызға айналған боксшымыз Геннадий Головкин де тарих жазды. Ресми түрде Халықаралық бокс Даңқ залына енді. Бұл мәртебеге ие болған алғашқы қазақстандық атанды. Бұдан бөлек, World Boxing ұйымына президент болып сайланды. Отандық спортты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Мемлекет басшысы Triple G-ді 1 дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
Араға 10 жыл салып қазақстандық клуб УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды. Алматылық «Қайрат» іріктеу кезінде «Селтик» секілді ұжымдарды артта қалдырды. Бұл да тарих. Жалпы кезеңде «Қайрат» өз алаңында әлемдік футболдың алпауыты «Реалды» қабылдады. Қазақстандық футболсүйер қауым үшін бұл да естен кетпес ойын болды. Бұл да үлкен тәжірибе болғаны анық. Жанкештіліктің арқасында қақпашы Темірлан Анарбеков бүкіл елдің қаһарманына айналды. Отандасымыз 27 сейв жасады. «Олимпиакоспен» болған ойында тіпті «матч үздігі» атанды.
Футбол маусымындағы ең есте қаларлық сәттердің бірі 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу аясында Бельгияға қарсы өткен матч болды. Бұл кездесуде «Челси» сатып алған 17 жастағы жас жұлдызымыз Дастан Сәтбаев ерекше ойынымен көзге түсіп, ұлттық құрама сапындағы алғашқы голын соқты.
Киберспортта да толайым табыс толастаған жоқ. «Molodoy» лақап атымен танымал қазақстандық Данила Голубенко Қытайда өткен Counter-Strike чемпионатының үздік ойыншысы атанды. 20 жастағы киберспортшы командасымен бірге жүлде қоры 1 миллион долларды құрайтын турнирде жеңіске жетті. Ол қазір бразилиялық команда сапында өнер көрсетіп жүр.
Алда қазақстандық спортшыларды Қысқы Олимпиада ойындары күтіп тұр. Қазіргі таңда ұлттық құраманың еншісінде 23 лицензия бар. Оның екеуі – мәнерлеп сырғанаудан. Шорт-тректен тоғыз жолдама бар. Конькимен жүгіру спортынан Қазақстан тағы 12 квота алды. Олимпиадалық лицензиялардың түпкілікті саны қаңтардың соңында, барлық халықаралық іріктеу жарыстары аяқталғаннан кейін белгілі болады. Ал ақ Олимпиада ойындары 6 – 22 ақпан аралығында Италияда өтеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.