Жаңа жыл мерекесі жақындап келеді. Отшашулар мен бенгал шамдарын пайдалану жиілей түседі. Алайда мерекелік көрініс кейде қайғылы жағдайларға ұласып, пиротехникалық бұйымдар тұрғын үйлер мен ғимараттарда өрттің шығуына себеп болып жатады. Сондықтан мамандар қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және мүлікті алдын ала сақтандыруға кеңес береді.
Жаңа жыл мерекесінің сәнін келтіретін элементтердің бірі – отшашулар мен бенгал шамдары. Дегенмен пиротехникалық бұйымдарды дұрыс қолданбау ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Әсіресе сертификатсыз сатылатын тауарлар қауіпті. Техникалық ақаулар өрттің шығуына әкелді.
ЕЛДОС ЗИЯДА, ӨРТКЕ ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ КОМИТЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
— 2024-2025 жылы Республика аумағында пиротехникалық бұйымдардың кесірінен 3 өрт тіркелді. Пиротехникалық бұйымдар, соның ішінде салюттарды құрылыстар мен ғимараттардан 50 метр қашықтықта орналасуы керек. Арнайы орындар белгіленуі керек. Желді күндері қолдануға болмайды және қандайда бір ақау болса қолдануға болмайды. Пиротехникалық бұйым жанбай қалған кезде қасына барып, тексеру өте қауіпті.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, былтыр жаңа жыл мерекесі кезінде пиротехниканы дұрыс қолданбау салдарынан 60-тан астам адам зардап шеккен. Қауіпсіздік талаптарын сақтамау – бұған басты себеп.
САНЖАР ӘДІЛОВ, ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Тыйым салынған петардалар азаматтардың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ мүлкіне қауіп төндіреді. Сонымен қатар қоғамдық орындарды ластайтын жағдайлар да бар. Мұндай құқықбұзушылықтарға қатысты әкімшілік кодекстегі барлық шаралар қолданылады. Әрбір жағдайға қарай тиісті баптар бойынша жауапкершілік белгіленеді.
Өрт айтып келмейтін тілсіз жау. Оның шығуы кез келген оқыс оқғидан болуы мүмкін. Ал мүлікті сақтандыру тәжірибесі қаржылық шығыннан қорғайды. Мамандар бұл тәсіл ең сенімді жолдардың бірі екенін айтады. Сондықтан төтенше жағдайдың алдын алумен қатар, мүлікті қорғау мәселесіне де мән беру маңызды екенін айтады.
АЙГҮЛ МҰҚЫШЕВА, «FREEDOM INSURANSE» АҚ БАСҚАРМА ДИРЕКТОРЫ:
— Қазақстандықтарға тұрғын үйін өрттен сақтандыруға мүмкіндік бар. Бұл мүлікті сақтандыру түріне жатады және оны жылжымайтын мүлік иесі рәсімдей алады. Пәтер, жеке үй, саяжай, тіпті тұрғын емес нысандар да сақтандырылады. Құрылымның өзі, ішкі әрлеу жұмыстары, электр және су жүйелері де сақтандыру нысанына кіреді. Үй ішіндегі мүлікті – жиһазды, тұрмыстық техниканы да сақтандыруға болады. Бұл шарттар келісімшартта жеке көрсетіледі.
Өрт болған жағдайда мамандар ең алдымен бір тәулік ішінде өртке қарсы қызметке хабарлауды ұсынады. Оқиға бойынша өрттің шығу себептері көрсетілген акт немесе анықтама жасалуы тиіс. Ал мүлік сақтандырылған болса, үш жұмыс күні ішінде сақтандыру компаниясына хабар беріп, тиісті құжаттарды ұсыну қажет. Бүгінде сақтандыру компанияларында мүлікті тексеру көбіне онлайн форматта жүргізіледі. Залал көлемі бағаланғаннан кейін сақтандыру төлемі, әдетте, бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. «Ең бастысы. сақтандыру жағдайы туралы дер кезінде хабарлау», — дейді мамандар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.