Астананың 6 ауданында 40 жерде жаңажылдық шырша орнатылды

Енді санаулы күннен кейін жаңа Жылқы жылы табалдырық аттайды. Астана алдағы мерекеге сақадай сай жасанып үлгерді. Жарқ-жұрқ еткен әсем шамдар, мұз айдындары, түрлі түсті фотозоналар, сәуле шашқан жарықтар құдды бір ертегі әлеміне шақыратындай. Ересектер де, бала-шаға да шуылдасып мәз-мейрам. Ауқымды безендіру шаралары қаланың алты ауданында жүргізілген.
Таза ауада серуендеп, Жаңа жыл думанына ден қоятын жерлердің бірі – Ботаникалық бақ. Мұнда алыстан жарқырап, жалт-жұрт етіп жасанған биіктігі 22 метр болатын жасыл шырша орнатылған. Жаңа жылдық шыршаның көз тартарлығы сонша, сан түрлі ойыншығы жарықпен жылт-жылт ойнап, тартымды безендірілген. Түрғындар тіпті қасынан өте шыға алмағанын айтады.

ВЕНЕРА МОЛДАШЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
– Қаланың әдемілігіне, жарқ-жұрқ еткен шыршаларына қарап, бір сәт кішкене жаяу жүргім келді. Жаяу жүріп бара жатып, осы әдемілікті көріп қасында тамашалап, видеоға түсіріп, сол әдемілікке тамсануға келдім.

Қала әкімдігі Елорданың 6 ауданында 40 жерде жаңажылдық шырша орнатып, 57 мұз сырғанағы мен мұз айдынын жасаған. Соның бірі – ЭКСПО алаңындағы мұз айдыны. Бұл жер де жастардың коньки теуіп, пайдалы демалыс өткізетін орнына айналды. Тұрғындар биылғы жаңажылдық безендіруді жоғары бағалап отыр.

Астанаға сән беріп тұрған шыршалардың бірі ЭКСПО аумағында. Мұнда балаларын қыдыртып жүрген ата-аналар да, балалықтың бал қызығына тоймай сайран салған балалар да көп. Бәрінен бұрын сол балалар үшін бұл ертегі әлемі іспеттес.
———————————————