Ақтау маңындағы әуе апаты: аман қалғандарға алғаш болып кімдер көмек көрсетті?

Былтыр 25 желтоқсанда Ақтау қаласы маңында ұшақ апаты болған еді. Бакуден Грозныйға бағыт алған Azerbaijan Airlines әуе кемесі қонуға әрекет жасап, Сайын Шапағатов аулының маңында апатқа ұшырады. Аман жалған жолаушыларға алғаш болып көмек көрсеткен кімдер? Қазір оқиға орны қандай күйде?
2024 жылдың 25 желтоқсаны күні таңертең Embraer 190 әуе кемесі Ақтауға шұғыл қонуға тырысқан сәтте апатқа ұшырады. Ұшақта барлығы 67 адам болған. Оның 62-сі – жолаушы, 5-еуі экипаж мүшесі еді. Төтенше жағдай салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 адам аман қалды. Ұшақ ылдилап жерге құлаған сәтте ең бірінші болып көмекке жеткен Маңғыстау өңірлік электр желілері компаниясының қызметкерлері еді. Ұшақ құлаған алаңда тоқ жүргізіп жүрген 19 азамат аман қалғандарды құтқаруға асыққан.

Қираған ұшақ ішінен шалажансар жолаушыларға көмек көрсетуге асыққандар көп болды. Электромонтерлер әуе кемесінен адамдарды сыртқа алып шықса, сол маңдағы тағы бір компанияның фельдшері алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ауруханаға дейін алып барған. Нұргелді Құлшабайдың айтуынша, ұшақ жолаушылары ауыр жарақат алған. Жігіт ағасы сол күнді әлі күнге дейін ұмыту мүмкін емес дейді.

НҰРГЕЛДІ ҚҰЛШАБАЙ, KCOI ФЕЛЬДШЕРІ:
— Екіге бөлінген ұшақ. Бас жағы жарылып жатыр. Ішіндегі адамдар о дүниелік болып кеткен. МРЭК-тің адамдары шығарып көмектесіп жатыр екен. Бір-бірін іздеп жүрген бір адамдар. Беттерін қан жуып кеткен. Баласын іздеп жүрген ана, әкесін іздеп жүрген бала, әйелін іздеп жүрген күйеуі жүр. Біз бірінші медициналық көмек көрсетіп, көлігімізге тиеп, Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткіздік.

Ұшақ апаты болған аймақта бүкіл елдің қабырғасын қайыстырған апат құрбандарына ескерткіш тақта орнатылған. Қаза тапқан экипаж мүшелері ұшқыштар Игорь Кшнякин мен Александр Кальяниновтың, сондай-ақ бортсерік Хокума Алиеваның жақын туыстары Ақтауға арнайы келіп, апат құрбандарына тағзым етті. Шараға опат болған жолаушылардың туыстары да қатысты. Айта кетейік, тергеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
———————————————