Мәжіліс депутаттары Жоғары аудиторлық палата төрағасының жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі туралы есебін тыңдады. Әлихан Смайыловтың сөзінше, мемлекет тарапынан іскер жандарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Алайда бұл салада шешімін күткен мәселелер бар. Мәселен, мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай тізілімі сапасыз қалыптастырылған. Ол Кәсіпкерлік кодексінде қарастырылған қолдаудың барлық түрін қамтымайды әрі өзектілігін жоғалтқан бағдарламалар да бар.
Мәжілісте жеке кәсіпкерлікке көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдаудың тиімділігі сынға алынды. Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеріс барысында 824 миллиард теңгеге қатысты бірқатар заңбұзушылық анықталған. 60 миллиард теңгеден астам қаражат тиімсіз жоспарланған. Цифрландыру деңгейі де талапқа сай емес. Өтініш беруден бастап, қолдаудың барлық түрін қамтитын бірыңғай ақпараттық платформа әлі күнге дейін іске қосылмаған.
ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТА ТӨРАҒАСЫ:
— Ұлттық экономика министрлігінің қолдау көлемі жөніндегі деректері кемінде 2 есе төмен. 6 жыл ішінде 2019-2024 жылдар аралығында мемлекет кәсіпкерлерге 4,5 трлн теңгеге қолдау көрсетті. Олардың 90%-ы 5 қолдау құралына тиесілі.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Президенттің былтыр барлық мемлекеттік қолдау шараларын қайта қарау жөнінде тапсырма бергенін еске салды. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай тізілімі сапасыз қалыптастырылған. Ол Кәсіпкерлік кодексінде қарастырылған қолдаудың барлық түрін қамтымайды әрі өзектілігін жоғалтқан бағдарламалар да бар. Сонымен қатар елде мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін бағалаудың ортақ тәсілі әлі қалыптаспаған.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Өндіріс көлемінің өсуі, қосылған құн салығының артуы, бизнестің қаржылық тұрақтылығы секілді экономикалық нақты бағыттар жүйелі түрде бақыланбайды. Деректер бір-бірімен сәйкес келмейді. Өзара үйлеспейтін қолдау шараларының салдарынан қаржы операторларының саны көбейген. Ал олардың көрсететін қызметінің сапасына тиісті бағалау жүргізілмейді.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың сөзінше, қаржы операторлары бірыңғай талаптарға бағынбайды. Сол сияқты қаржыландыру көлеміне қатысты да сұрақтар туындаған. Кейбір жобалар бойынша бөлінген қаражат негізсіз жоғары көрсетілген.
ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТА ТӨРАҒАСЫ:
— Құқықтық тұрғыдан қарасақ, талап етілетін жобалық құжаттама бар, кредиттер өтелуде. Алайда артық қаражат басқа жобаларға бағытталуы мүмкін еді. Құнын дұрыс есептемеу салдарынан тек бір жоба бойынша 20 млрд теңге немесе қарыз сомасының 16%-ы игерілмей, күші жойылған.
Мемлекеттік қолдаудың қайтарымы мен тиімділігін арттыру жолында депутат Нұртай Сабильянов сауалын жолдады. Оның сөзінше, бір бизнес субъектіге бірнеше мәрте қолдау көрсетуді тоқтату керек. Себебі түрлі қаржы операторлар арқылы мемлекеттік қолдауды үздіксіз алып отырған кәсіпкерлер аз емес.
«Уәкілетті органдар әрбір мемлекеттік қолдау шарасының тиімділігін бағалап, талдау қамтамасыз етуі керек», — деп есептейді депутаттар. Жалпы бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 4,5 миллиондай адамды жұмыспен қамтып отыр. Орта бизнестің экономикадағы үлесі төмендеген. Соңғы жылдары 6,7 пайыздан аспайды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.