Дәрі-дәрмек бағасы түсіп жатыр

Дәрі-дәрмек бағасы түсіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі халыққа қол жетімді болсын деп кей препараттардың құнын қайта қараған. Нәтижесінде: «Сұранысқа ие дәрілер кем дегенде 10 пайызға арзандады», дейді министрлік өкілдері. Мамандар қазір дәріхана аралап, шекті бағаның сақталуын қадағалап жүр.
Дәріханада вирусқа, бактерияға қарсы, жүрек-қантамыр жүйесіне және асқазан-ішек жолына арналған дәрілердің бағасы 50 пайызға дейін төмендеген. Мысалы, жүректің ишемиялық ауруын емдеуге қажет «Предуктал» препараты бұрын 9 мың теңге болса, қазір 5 мың теңге. Қан қысымы жоғары адамдар ішетін «Нормодипин» дәрісі екі есе арзандаған. Тұмау өршіген кезде таптырмайтын дәріге айналған «Флувирдің» де бағасы түскен.
Фармацевтер мұны Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа бұйрығымен байланыстырады. Оған сай, 5 мыңға жуық дәрінің шекті бағасы белгіленген. Препарат құнын одан асыруға тыйым салынады.
Фармацевтикалық бақылау қызметі дәрі-дәрмек бағасын күнделікті бақылап отырмыз дейді. Баға негізсіз қымбат болса, тұрғындар DariKZ және Naqty Өнім қосымшалары арқылы немесе өңірлік департаменттерге шағымдана алады. Бірақ, әр шағым чекпен расталуы керек. Соңғы уақытта «Флувирдің» тапшылығына қатысты шағым көп.
Жағдайды пайдаланып, дәріні негізсіз қымбаттатқан 13 дәріхана иесі әкімшілік жауапқа тартылды. Олар 2,5 млн теңге айыппұл төледі.
———————————————