Жұмысшы мамандықтар жылы мәресіне жетті. Жыл бойы тынымсыз тер төккен жұмысшылар мен еңбек әулеттері бүгін мемлекеттік марапатқа ие болды. Ауқымды жұмыстың қорытындысын Мемлекеттік кеңесші баяндады. Ерлан Қарин 2025 жыл еліміз үшін табысты болғанын айтты. «11 айда экономика 6,4% өсім көрсеткен. Отандық зауыттарда 147 мың автокөлік құрастырылды. 17 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Денсаулық сақтау саласында 219 жаңа нысан тұрғызылды. 130 жаңа мектеп пайдалануға берілді. 173 өндіріс орны ашылып, 22 мың жұмыс орны құрылды», — деді Мемлекеттік кеңесші.
ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:
— Мемлекет басшысы биыл кәсіби мерекелер аясында энергетиктерді, құтқарушыларды, мұғалімдерді, мұнайшыларды, дәрігерлерді, су шаруашылығы саласының қызметкерлерін, ауыл шаруашылығы мамандарын Ақордада арнайы қабылдап, құттықтады. Жалпы, осы жылы Президент Жарлығымен мың үш жүзге жуық жұмысшы мамандық өкілі мемлекеттік марапатқа ие болды. Осының барлығы еселі еңбекті қадірлеуге бағытталған маңызды қадамдар. Бұл – еңбек адамы мемлекеттік саясаттың басты назарында деген сөз.
Жұмысшы мамандарды қолдау бұнымен тоқтамайды, алдағы жылдары жалғаса береді. Бүгін еңбегімен көзге түскен жандардың бірсыпырасы «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы биыл Солтүстік Қазақстан облысынан механизатор Мұрат Қаражұмановқа және Қарағанды облысынан жұмысшы Сергей Черновойға берілді. Бүгінде ел экономикасында 3 млн-нан астам адам жұмысшы мамандықтар бойынша еңбек етіп жатыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.