Бірқатар өңірде күн күрт суып, боран соғады

«Қазгидромет» дауылды ескерту жариялады. Елдің бірқатар өңірінде, атап айтқанда, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Абай мен Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында күн күрт суып, боран соғады. Сынап бағанасы -30 градусқа дейін төмендейді. Қар жауып, көктайғақ болады деген болжам бар.
АРУЖАН МҰРАТОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Алдағы күндері Қазақстан аумағы арқылы белсенді Солтүстік-батыс циклоны қозғалады. Қар жауады, ал оңтүстік өңірлерде жауын-шашын қар мен жаңбыр түрінде болады. 26 желтоқсанда оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде қатты жауын-шашын күтіледі. Республиканың басым бөлігінде бұрқасын желдің күшеюі күтіледі. Ал батыс және оңтүстік өңірлерде көктайғақ болады. Алайда 27 желтоқсанда циклонның орнына суық батыс антициклоны келеді. Бұл жауын шашынның біртіндеп тоқтауына және ауа температурасының төмендеуіне әкеледі. Түнде солтүстік-батыс және солтүстік өңірлерде -25-30 градус, ал шығыста -22-30 градус аязға дейін барады.
———————————————