Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясат бағытын берік ұстанып келеді

2025 жыл Қазақстан үшін мазмұнды әрі қарқынды дипломатиялық кезеңдердің біріне айналды. Түрлі деңгейдегі мемлекеттік сапаралар, 20 халықаралық кездесу өтті. Тек соңғы үш айда Мемлекет басшысы Ресейге, Қытайға және АҚШ-қа ресми сапар жасады. Келіссөздерде саяси сын-қатерлер мен қауіпсіздік мәселелері, экономикалық әріптестік қамтылды. Алайда қазіргі дипломатияда қаржымен өлшенбейтін құндылықтар да бар. Бұл – мемлекеттің ең күрделі халықаралық мәселелерде айқын әрі өзгермейтін ұстанымын сақтай білуі. Бүгінгі жағдайда өз көзқарасын білдіру ғана емес, оны жүйелі түрде қорғап, жаһандық алаңдарда нақты бастамалармен көтеру маңызды. Осы тұрғыдан алғанда 2025 жыл Қазақстан үшін айрықша мәнге ие болды. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау жөніндегі Президент бастамалары, Абу-Дабиде өткен Тұрақты даму апталығында жасанды интеллект саласындағы жауапты халықаралық ынтымақтастыққа қатысты ұсыныстар, сондай-ақ Орталық Азияның халықаралық беделін арттыруға қосқан үлес.
Биыл Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясат бағытын берік ұстанып келеді. Бұл – еліміздің дипломатиясындағы басты қағида. Президент Ресей, Қытай, АҚШ, Түркия, Венгрия және Жапониямен келіссөздер өткізді. Ресейге жасалған мемлекеттік іс-сапардың мәні айрықша. Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа жасаған ресми сапары мен Дональд Трамппен өткен кездесуден кейін Мәскеуге аттанды. Бұл да – Қазақстанның сыртқы саясаттағы теңгерімді ұстанымының айқын көрінісі. Астана қазіргі әлемдегі қайшылықтарды тек дипломатиялық жолмен шешуге шақырады. Соған қарамастан, Вашингтонда, Мәскеуде де Қазақстан Президенті, ең алдымен, ел мүддесіне сай маңызды мәселелерді көтереді. Атап айтқанда, Кремльде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин жан-жақты стратегиялық одақтастық туралы декларацияға қол қойды. Бұл құжат екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, алдағы жылдарға арналған экономикалық әріптестікті нығайтуға басымдық береді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Мұндай компаниялардың бірі жаһандық Шэньчжэнь технополисінің құрылысына қатысқан. Енді ол Alatau City жобасын жүзеге асыруға тікелей атсалысады. Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналуға тиіс. Мұнда Smart City технологияларын қолданудан бастап тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтың барлығы енгізілуі керек. Бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдай үйлесім табуы қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында Alatau City қаласына ерекше мәртебе берілетінін мәлімдеген еді. Бұл – елдің ішкі саяси күн тәртібіндегі маңызды бастама болғанымен, оның ықпалы халықаралық деңгейде де айқындалып отыр. Қазақстанда басым бағыт ретінде белгіленген экология, цифрландыру және технологиялық жаңғырту мәселелері сыртқы саясаттағы диалогтың да өзегіне айналды. Биыл күзде Президент екі мәрте АҚШ-қа ресми сапар жасады. Алдымен Нью-Йорк қаласында БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысына қатысып, әлемдегі ірі корпорациялар басшыларымен кездесті. Ал Вашингтонда Ақ үйде жоғары деңгейдегі келіссөздер өтті. Саяси дипломатияның нақты нәтижесі – жалпы құны 17 миллиард доллардан асатын экономикалық келісімдер.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қарт Каспийдің түркі жұрты үшін алатын орны қашанда бөлек. Оның халықтарымыздың арасындағы дәнекер деуге болады. Соңғы жылдары теңіз деңгейінің төмендеуі аймақтың экономикасы мен экологиясына кері әсерін тигізіп отыр. Бұл жаһандық ауқымдағы мәселе. Мен мұны жас шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде және БҰҰ бас ассамблеясының мерекелік сессиясында айттым. Біз тамырлас және шекаралас елдер ретінде Каспий теңізінің ахуалын жақсартуға баса мән беруіміз керек.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік сапарлары ірі келісімдерге жол ашып, жаңа жобалардың басталуына серпін берді. Бұл Қазақстанның сенімді әріптес ретіндегі беделін нығайтты. Алдағы жыл да мазмұнды болмақ. Мемлекет басшысы Жапонияға сапары барысында атап өткендей, еліміз көршілес мемлекеттермен ғана емес, АҚШ, Еуропалық одақ, Таяу Шығыс, Азия және Жаһандық Оңтүстік елдерімен әріптестікті жалғастырады. 2026 жылы Еуразиялық экономикалық одақтағы төрағалық Беларусьтен Қазақстанға өтеді. Бұл – еуразиялық кеңістіктегі ықпалдастықты күшейтуге бағытталған диалогты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік. Қазіргі әлемде дипломатия шешуші рөл атқарып отыр. Қазақстан осы жолда ашық диалог пен ұзақ мерзімді серіктестікке басымдық береді. Еліміз әлемнің ірі державаларымен өз тілінде сөйлесіп, тиімді диалог орнататын деңгейде.
———————————————