Арыстағы бір мектепте 17 жұп егіз оқиды

Арыс қаласындағы Әліби Жангелдин атындағы білім ордасын жұрт «егіздер мектебі» деп атайды. Бұл мектептегі егіздерді жинасаң бір сынып шығады. Қазір мұнда 17 жұп егіз білім алып жатыр. Егіз оқушылар бастауыштан 11-сыныпқа дейін бар.
Шапағат пен Азамат мектептегі ең үлкен егіз оқушы. Екеуі де спортқа бейім, бірі боксқа, бір волейболға қатысады, түрлі жарыстың жеңімпазы. Ұл мен қыздың сырт келбетін ажырату оңай болғанымен, мінезі де, іс-қимылы мен жүрістері де ұқсайды.

АЗАМАТ УСАБЕК, 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
— Біздің егіз екенімізді мектепте байқамағанымен, сыртта байқайды. Біз бауырмалдығымызбен төменгі сыныптарға үлгі көрсете аламыз деп ойлаймын. Біздің мектептің өзге мектептерден айырмашылығы егіздер саны көп. Осы егіздердің көптігі мектептің абыройын да көтереді.

ШАПАҒАТ УСАБЕК, 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
— Біз бір-бірімізді сөзсіз түсінеміз, басқа қалада болған кезде сағынып іздейміз, ауырып қалсақ бірден сеземіз, қамқор боламыз.

Егіздің әкесі де осы мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Ол мұндай балалардың білімі мен тәртібі өзгелерге үлгі болу керек деп есептейді.
Білім ордасында оқитын тағы бір жұп – егіз Інжу мен Іңкәр. Олар 9-сыныпта оқиды. «Ұстаздар түрімізге қарап, ажырата алмай қалады», — дейді. Дегенмен бар айырмашылық мінезден байқалады екен.

ІНЖУ АЯЗБЕК, 9-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
— Сынып жетекшіміз, пән мұғалімдері кейде бізді ажырата алмай қалады. Бірақ көбі ажырата алады, өйткені Іңкәрдің қалы бар, менде жоқ. Мінезіміз ұқсамайды.

14 жастағы егіз оқушыны мұғалімдер тек мұрнындағы меңі арқылы ажыратады екен. «Ал екеуінің де сабақ үлгерімі жақсы», — дейді.

МАДИНА ИМАНАЛИЕВА, МҰҒАЛІМ:
-Оларда қатты айырмашылық жоқ, бірақ біреуі шамалы қырсықтау болады, біреуі бәріне көнбіс. Мен өзім оларды меңіне қарап ажыратамын. Мұрнында меңі бар, соған қарап Інжу немесе Іңкәр деп танимын.

Жалпы мектепте 17 егіз жұп оқиды. Оқушылардың басым бөлігі бастауыш сыныпта білім алады.

РАХИМА ЖҮНІСОВА — Ә.ЖАНГЕЛДИН АТЫНДАҒЫ ЖББМ ДИРЕКТОРЫ
— Қазіргі таңда мектебімізде 1622 оқушы бар. Соның ішінде біздің мектептің ерекшелігі – егіздеріміз. Егіздермен біз мақтанамыз, жыл сайын егіздермен толығып жатамыз. Олардың бір-біріне қамқорлығы, бойындағы мейірімділік, бір-біріне деген жанашырлық сезімдері өте күшті.
Ұстаздардың байқауынша егіз балалардың бір-біріне деген қамқорлығы жоғары, олар топпен жұмыс істеуге бейім және өзара қолдауы айқын сезіледі. Балалардың оқу көрсеткіші де жақсы.
———————————————