Мемлекет басшысы Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономикалық реформаларды жүзеге асыру және азаматтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру бойынша бұған дейін берген тапсырмаларының іске асырылуы жөнінде баяндалды. Премьер-министрдің айтуынша, ішкі жалпы өнім өсімінің 70 пайыздан астамын өнеркәсіп, сауда және көлік салалары қамтамасыз етіп отыр. Айталық, қаңтар-қараша айлары аралығында көлік қызметі – 20,3%, құрылыс – 14,7%, сауда – 8,8%, ауыл шаруашылығы – 6,1%, өңдеу өнеркәсібі – 5,9% ұлғайған. Негізгі капиталға салынған инвестиция 18,5 триллион теңгеге жетті. Ал жеке инвестиция көлемі 9,8 пайызға өскен. Макроэкономикалық тұрақтандыру, халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасы жүзеге асырылмақ. Шағын бизнесті қолдауға арналған «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасы қабылданды. Кездесу соңында Президент Үкімет басшысына азаматтардың мүддесіне сай еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды. Инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғырту бойынша бірқатар нақты міндет жүктеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.