Президент Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын берді

Мемлекет басшысы Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын берді. Тиісті Жарлыққа қол қойылды. Күні кеше Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толған еді. «Халқымыз оны қаһарман тұлға ретінде құрмет тұтады. Бірақ әйгілі батырға ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы берілмеген», — деді Мемлекет басшысы. Даңқты қолбасшының нағыз ерлік жолы елімізбен қатар, шетелде өте танымал екенін айта келе Президент тарихи әділдікті қалпына келтіру мақсатында осындай шешім қабылдағанын жеткізді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Тиісті жарлыққа бүгін қол қойдым. Бұл құжат міндетті түрде жарияланады. Батырдың есімі нағыз отаншылдық пен өшпес ерліктің символы ретінде әрдайым көпке үлгі-өнеге болуға тиіс. Баукеңнің ерлігі жай аңыз емес, бұл нақты құжаттармен дәлелденген, Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлар мойындаған сөзсіз ерлік. Елге ерлігімен танылған еңбегі сіңген азаматтарды бағалай білген жұрт ешқашан ұтылмайды.
———————————————