Бірыңғай базалық медициналық көмек пакеті енгізіледі

Биыл Қазақстанның медицина саласы айтарлықтай жетістікке толы болды. Қазақстандықтарды әсіресе МӘМС жүйесіндегі оң өзгерістер елең еткізді. Алдағы уақытта бірыңғай базалық медициналық көмек пакеті енгізіледі. Ал енді дәрігерлерге қоқан-лоққы көрсетіп, шабуыл жасаған адам 12 жылға дейін сотталуы мүмкін. Сенат кеше ғана осы туралы заң жобасын мақұлдады. Трансплантация саласында да жетістік баршылық. Осы жылы денсаулық сақтау саласында тағы қандай өзгеріс болды?
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Қазақстандықтар үшін медицинадағы басты жаңалықтың бірі – 1 қаңтардан бастап міндетті сақтандыру жүйесіне маңызды өзгеріс енгізілетіні. Қазір ел бойынша 17 миллион адам, яғни азаматтарымыздың 82 пайыздан астамы сақтандырылған. Оның ішінде 12 миллионнан астам адам жеңілдік берілген санат қатарында. Ал 4 жарым миллионнан астам тұрғын жарнаны өз қалтасынан төлейді.

Сондықтан жүйеге әлі кірмеген азаматтар міндетті сақтандыру мүмкіндіктерімен мұқият танысуға тиіс. Жаңа жылдан бастап оған қант диабеті, балалар целебриалды сал ауруы, ревматизм секілді созылмалы аурулар енгізіледі. Енді бұл санаттағы науқастар дәрігер консультациялары, қажетті дәрі-дәрмек және ем-шараларды толық көлемде міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде ала алады.

АИДА БАЛАЕВА, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ – МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:
— Сондай-ақ еліміздің 25 мыңнан астам азамат созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен өмір сүрсе олардың 8 мыңы гемодиализге мұқтаж. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бақылау диагностика дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету гемодиализ және тіпті бүйрек трансплантациясы МӘМС пакеті арқылы сақтандырылған азаматтарға қосымша шығынсыз қолжетімді болады.

Алдағы уақытта бірыңғай базалық медициналық көмек пакеті енгізіледі. Оған: жедел және шұғыл медициналық көмек, паллиативтік көмек, жұқпалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, сондай-ақ скринингтің кейбір түрлері кіреді. Медицина саласы мамандары үшін тағы бір жағымды жаңалық – енді дәрігерге шабуыл жасағандарды 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылып жатыр. Мәжілісте ұзақ талқылаудан кейін заң жобасын кеше Сенат ұлдады. Құжатта қызметтік міндетін атқарып жүрген дәрігерге немесе жедел жәрдем жүргізушісіне күш қолданғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату көзделген. Мұндай қатаң шаралар қоғамда үлкен резонанс тудырған шабуылдар сериясынан кейін қабылданып отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда елде осындай 280 жағдай тіркелген.

Елде трансплантология саласы да дамып келеді. Биыл 18 жағдай бойынша мәйіттік донор көмегімен 68 трансплантация жасалды. Өткен жылы мұндай 6 жағдай ғана болған. Заманауи жабдықтар донорлық ағзаларды тасымалдап, оларды бір тәулікке дейін сақтауға мүмкіндік береді.

Маманның айтуынша, биыл трансплантологияда бірінші рет ерекше операция жасалған. Мамандар Сызғанов атындағы орталықта бір бауырды екі науқасқа бөліп салды.

АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Кез келген істің сыртында дәрігерлер мен науқастардың тағдыры тұр. Жаңа заңдар денсаулық сақтау жүйесін қауіпсіз әрі әділетті етіп, алғашқы медициналық көмектен бастап жоғары технологиялы емге дейінгі барлық деңгейдің тұрақтылығын арттыруы тиіс. Енді ең бастысы – бұл нормалардың қағаз жүзінде ғана емес, нақты өмірде жұмыс істеуі.
———————————————