Мәжілісте «Құрылыс кодексі» бірінші оқылымда мақұлданды. Талқылауы екі жылға созылған Заң қабылданғанға дейін халықтың талап тілегі негізінде мемлекеттік органдар, ұйымдар мен қауымдастықтар, бизнес өкілдерінен 1700 ден астам ұсыныс түскен. Бұдан былай құрылыс қауіпсіздігі бірінші орынға шығады. Сондай-ақ енді онлайн несие болмайды. Мәжілісте банк қызметіне байланысты Заңға да толықтырулар енгізілді. «Бұл өзгерістер алаяқтыққа тосқауыл қоюға тиіс»,- дейді депутаттар.
«Құрылыс кодексі» қала құрылысын жоспарлаудан бастап нысандарды пайдалануға беруге дейінгі бүкіл сала үшін бірыңғай ережелер шеңберінде жұмыс істейді. Енді бұдан былай сапа мен қауіпсіздікті бақылаудың толық тетіктері мемлекетке қайтарылады. Жоба кең қоғамдық форматта әзірленді. Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата алаңында кәсіби қауымдастық пен азаматтық институттардың қатысуымен тақырыптық талқылаулар өтті. «Осындай ауқым мен терең талдау барлық негізгі мүдделі тараптардың пікірін ескеруге мүмкіндік берді», — дейді депутаттар.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Кодекс аясында мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жобалардың жүзегеасырылуын бақылау енгізіледі. Сондай-ақ қала құрылысы құжаттамасына қайшы келетін жобалау мен құрылысқа рұқсат беруге шектеу қойылады.
«Құрылыс Кодексінің» тағы бір ерекше тұсы Қазақстанда жаңа салынған кез келген нысанның кепілдік мерзімі бұған дейін 2 жыл болып келсе, енді 10 жыл болып ұзартылды. Талай адамның өміріне қауіп төндірген, тіпті адам өліміне әкелген құрылыстағы олқылыққа енді нүкте қойылуға тиіс. Сондай-ақ Мәжіліс «банк қызметтеріне» қатысты да заң нормаларын енгізді.
МҰРАТ ӘБЕНОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Көп тартыс болғаны – банк мәселелері. Біздің үстімізге банктерден арыз-шағымдар түсті. Онлайн кредит деген биыл болмайды, болды. Тек аяғымен барып арыз жазып алмаса, бұрынғыдай телефонмен 4 цифрді айтып, несие рәсімдеу деген жоқ. Міндетті түрде барлық құжаты болу керек, адам өзі бару керек. Қол қою керек.
Бұдан кейін енді алаяқтар айылын жиятын болар. Онсыз да телефонмен 4 цифрды айтқызып, миллиондап несие алғызатындар талай жұртты қарызға батырып үлгерді. Бүгінгі отырыс – Мәжілістің 2025 жылғы қорытынды жиыны. Депутаттар биыл ауқымды істер атқарылғанын айтады.
Бұл жыл саяси жағынан да, Заңнамалық тұрғыдан да оқиғаларға толы болды. Бірақ алда атқарылар іс көп деп тарқасты депутаттар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.