Шахтаға түскен сайын тәуекелге барамыз: кенші қауіпті жұмысын TikTok арқылы көпшілікке көрсетіп жүр

Күн сайын қараңғы түнек пен ауыр еңбек мекен еткен жерде жүрсе де, айналасына жарық сыйлай білетін бір адам бар. Оның аты – Дәулет Пірлепесов. Дәулеттің өмірі жер астындағы қарапайым шахтер бейнесімен шектелмейді.
Дәулет Пірлепесов шахтада 15 жылдан астам уақыттан бері тер төгіп келеді. Жабдықтау маманы шахта техникасына арналған қосалқы бөлшектерді жеткізумен және тапсырыс беру ісімен айналысады. Машиналардың гүрілі, кен иісі, жер ырғағы – мұның бәрі оған етене таныс. Шахта оған көп нәрсе үйретті. Соның ішінде: жауапкершілік, жан-жағындағы жандарға қолдау көрсету және еңбекті құрметтеу.

ДӘУЛЕТ ПІРЛЕПЕСОВ, КЕНШІ:
— Шахтаға әр түскен сайын тәуекелге барамыз. Бірақ жұмыстың аты – жұмыс. Біз ер азаматпыз, отбасымызды асырауымыз керек. Артымызда бала-шаға, жұбайымыз, ата-анамыз бар.

Жұмыс күні аяқталған соң, оның басқа өмірі басталады.
Футбол алаңында Дәулет өзін қайта туғандай сезінеді. Мұнда ол еркіндік, жылдамдық, адреналин іздейді. Ойнап жүріп, шахтада шаршағанын ұмытады. Ал әлеуметтік желіде Дәулет кенші мамандығының гиді іспетті. Қысқа видеоларында ол шахтаның ішкі өмірін көрсетіп, техника, қауіпсіздік, кеншілердің күнделікті тіршілігі мен дәстүрін баяндайды. Мұның бәрін шынайы, әсерлі әрі өз ісіне деген үлкен құрметпен жеткізеді. Ондаған мың көрермен көмірдің, жарық пен жылудың артында талай адамының еңбегі жатқанын көреді.

ДӘУЛЕТ ПІРЛЕПЕСОВ, КЕНШІ:
— Менің хоббиім бар. Мен түрлі видеолар мен шахтерлік тақырыптағы вайндары түсіргенді жақсы көремін. Мені «шахтокер» деп атайды. Мен шахтерлердің өмірі, жұмысы, күнделікті сәттері туралы түсіріп, оны әзіл-қалжың аралас вайндары мен тиктоктар арқылы жеткіземін.

Кейіпкер өмірінің тағы бір қыры – көңілді тапқырлар клубы. Сахнада Дәулет өзінің әзілге бай мінезін паш етеді. «Ең ауыр кезекшіліктен кейін де күлуге, әзілдеуге, өзгелерге көтеріңкі көңіл күй сыйлауға болады», — дейді.
ДӘУЛЕТ ПІРЛЕПЕСОВ, КЕНШІ:
— Мен мектеп кезімнен көңілді тапқырлар клубында ойнаймын. Сценаристпін, автормын, сондай-ақ Сәтбаев қаласының КТК құрамасының жетекшісімін. Жақында біздің команда «Жайдарман» лигасында жеңіске жетті. Бос уақытымда мобилографиямен айналысамын, видео түсіріп, монтаж жасаймын. Қаламыз, мәдениетіміз туралы роликтер дайындаймын.
Ол жер астында еңбек етсе де, үнемі жарыққа ұмтылғандай өмір сүріп жүр. Ұжымда кез келген сәтте сенім артуға болатын осындай адам болса, тұрақтылықты сеземіз, дейді әріптестері.
ДӘУЛЕТ ПІРЛЕПЕСОВТІҢ ӘРІПТЕСІ:
— Дәулет – ерекше қабілетті, өнерге бай жігіт. Қай салада болсын – спортта да, мәдени шараларда да бәрімізге қолдау көрсетеді. Әрдайым дұрыс жолды нұсқап, жастарға бағыт-бағдар береді.

«Дәулет сияқты жандар біз білетін мамандықтарды басқа қырынан көрсетіп, күнделікті еңбектің ішінде нағыз ерлік жататынын ұғындырады», — дейді кеншінің әріптестері мен оның Тик-ток-тағы видеоларын күнделікті бақылап отырған мыңдаған оқырман.
———————————————