Бестеректегі жол апаты: айыпталушы 9 жылға сотталды

Абай облысында Бестерек ауылында балаларды көлік қағып кеткен іс бойынша сот үкімі шықты. 55 жастағы жүргізуші жол қозғалысы ережелерін бұзып, 4 баланың өліміне әкеп соқтырғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот 9 жылға бас бостандығынан айырды.

Айта кетейік, прокурор айыпталушыға 9 жыл 6 ай жаза тағайындауды сұраған болатын. Соттағы соңғы сөзінде жүргізуші кінәсін мойындап, қаза тапқан және зардап шеккен балалардың жақындарынан кешірім сұрады. Сондай-ақ сот сотталушыны жәбірленуші отбасыларға моральдық және материалдық шығынды өтеуге міндеттеді. Апат салдарынан екі жасар ұлынан айырылған ерлі-зайыптыға 10 миллион теңгеден моральдық өтемақы тағайындалды. Ал үш бірдей баласынан айырылған отбасыға сот 15 миллион теңге төлеуге міндеттеді.
———————————————