Қазақстандық спортшылар соңғы сегіз жылда Қысқы Олимпиадада елді медальмен қуанта алмады. Бар үміт Италияда өтетін алдағы 25-ші ақ Олимпиада ойындарында. Төрт жылда бір келетін дода 2026 жылдың 6-22 ақпаны аралығында Милан және Кортина қалаларында өтеді. Әлемдік спорт сайысына ұлттық құраманың дайындық барысы бүгін Үкіметте талқыланды.
Алдағы ақпанда болатын Милан Олимпиадасында Қазақстан ұлттық құрамасы 10 спорт түрінен сынға түсіп, 58 медаль жиынтығына таласады. Еліміздің атынан Олимпиадаға шамамен 35 спортшы баруы мүмкін. Бұл – спорт министрінің болжамы. Қазір спортшыларымыздың қолында 23 лицензия бар. Мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкинада жеке Олимпиада жолдамасы бар. Сонымен қатар шорт-тректен 9, конькимен жүгіруден 12 лицензия алдық. Спорт министрінің бұл Олимпиадаға ешқандай болжамы жоқ, бірақ мәнерлеп сырғанау, фристайл-могул, конькимен жүгіру, шорт-тректен спортшыларға үміт артып отыр.
ЕРБОЛ МЫРЗАБОСЫНОВ, ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:
– 1994 жылдан бері сегіз рет қысқы Олимпиада өткен. 5 қана спортшы медаль алған. 2018 жылдан бастап, өкінішке орай, Олимпиада ойындарында спортшыларымыз медаль алмаған. Осы олимпиадада барымызды салып, медаль алуға тырысамыз.
«Ақ Олимпиадада туымызды кім ұстап шығатыны белгісіз. Лицензия тарату әлі аяқталған жоқ. Сондықтан көк байрағымызды кім алып жүретіні сәл кейін анықталады», — деді Ербол Мырзабосынов. Жалпы, көшбасшылар қатарында фристайл-могулдан әлем чемпионы Анастасия Городко, тағы бір фристайлшы Юлия Галышева, шорт-тректен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Никиша, конькимен жүгіруден Әлем кубогының жеңімпазы Евгений Кошкин бар. Үкімет басшысы ел намысын қорғайтын ұлттық құрамаға жан-жақты қолдау көрсетілсін деп тапсырды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
– Байрақты бәсекенің басталуына санаулы күндер қалды. Барлық дайындық шарасы толық көлемде аяқталуы қажет. Осыған байланысты мынадай тапсырмалар беремін. Бірінші, Туризм және спорт министрлігі Ұлттық Олимпиада комитетімен бірлесіп, ұлттық құраманың толық дайындығын қамтамасыз етсін. Түпкілікті құрамдарды қалыптастыру, логистика, керекті жабдықтар, медициналық қолдау және ұйымдастыру мәселелерін тез арада реттеу қажет. Ешқандай көзбояушылық болмасын.
Олимпиадаға арналған ұлттық құраманың киім үлгісі бекітілген. «22 атаудан тұратын спорттық форма демеушілер қаражаты есебінен сатып алынды», — деді спорт министрі. Ал спортшылардың жалпы дайындығына бюджеттен 13 млрд тг бөлінген.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
– Жалпы айтқанда, 25 Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 6 ақпанда Миланда өтсе, жабылу рәсімі 22 ақпанда Верона қаласында ұйымдастырылады. Спорт додасына әлемнің 93 елінен 3 мыңға жуық спортшы қатысатын Олимпиадада 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Солардың бірнешеуі біздің спортшыларға бұйырсын деп тілейміз.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.