Каспий теңізінің тартылуы экологиялық әрі әлеуметтік-экономикалық ауыр салдарға әкелуі мүмкін

Биыл елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де күн тәртібінен түспеген өзекті мәселелер бар. Ол – Каспий теңізінің тағдыры. Бұл экологиялық мәселені, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл бойы- тұрақты назарда ұстады. Каспий мәселесіне Президент халыққа арнаған Жолдауында арнайы тоқталып, Нью-Йоркте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мінберінен де халықаралық көшбасшылардың назарын аударды. Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі тек экологияға ғана емес, батыс елдердің экономикалық тұрақтылығына да тікелей қауіп төндіреді. Су үнемдеу технологияларын енгізу баяу жүріп жатыр, ал заңсыз су алу мен «көлеңкелі» суару нарығы күрделене түсті. Сондықтан Каспийді сақтау үшін бірлескен әрекет қажет. Бұл ретте Каспий теңізінің шекарасымен шектесетін мемлекеттердің жауапкершілігі ерекше. Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жылы да Каспий мәселесін түрлі халықаралық алаңда көтеруді жалғастырмақ. 2026 жылы Қазақстан Тегеранда өтетін 7-ші Каспий саммитіне қатысуды жоспарлап отыр.

Экологтар дабыл қағуда. Каспий теңізінің тартылуы экологиялық әрі әлеуметтік-экономикалық ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Теңіз деңгейі жылдам төмендеп, Арал теңізінің тағдырын қайталауы ықтимал. Каспий – әлемдегі ең ірі тұйық су айдыны. Оған түскен өнеркәсіптік қалдықпен бірге биоалуантүрліліктің азаюы да алаңдатады. «Егер жағдай өзгермесе, бекіре балығы мен Каспий итбалығы сияқты сирек түрінен айырылуымыз әбден мүмкін», — дейді мамандар.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
– Бұл мәселе қазан айында Душанбеде өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында да талқыланды.
Бұл мәселе тек аймақтық деңгейде емес, ғаламдық сипатқа ие. Осыған байланысты біздің бастамамызбен Каспий су қорларын сақтау бойынша халықаралық бағдарлама әзірленуде. Құжатты дайындауға Прикаспий мемлекеттерімен бірге, барлық қызығушылық танытқан елдер мен халықаралық ұйымдар қатыса алады.

Ал қыркүйек айында Нью-Йоркте өткен Біріккен ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының мінберінен де Мемлекет басшысы Каспийдің тағдырына халықаралық қауымдастықтың назарын аударды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
– Су дағдарыстарының алдын алу үшін үйлестірілген іс-қимыл, инвестициялар мен тұрақты шешімдер қажет. Осы мақсатта Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа халықаралық ұйымдармен серіктестік аясында келесі жылы сәуірде Астанада өңірлік экологиялық саммит өткізеді.

Қазақстан Біріккен ұлттар ұйымы құрылымында жаһандық су ұйымын құруды ұсынды. Каспий теңізінің тағдыры шекарасымен шектесіп жатқан мемлекеттердің бірлескен іс-қимылына тікелей байланысты болғанымен, нақты нәтижеге жету үшін халықаралық деңгейдегі белсенді үйлестіру қажет. Каспий мәселесі келесі жылдың сәуірінде Астанада өтетін Өңірлік климат саммитінің басты тақырыптарының бірі болмақ.

Үндеулер мен қорытындылар нақты экономикалық көрсеткіштермен негізделіп отыр. Қазақстан Азия мен Еуропа арасында «үздіксіз» көлік жүйесін қалыптастыру үшін стратегиялық маңызы бар Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға басымдық беруде. Жоба Әзербайжан мен Жапонияны қоса алғанда, серіктес елдермен белсенді талқыланып жатыр. Соның аясында «Мойынты – Қызылжар» секілді жаңа теміржол желілерін салу көзделген. Бұл Қытай үшін жаңа транзиттік бағыт болмақ: жүк Қытайдан Мойынтыға, одан Қарағанды облысы арқылы Қазақстанның батысына, Ақтау порттарына жетіп, Каспий теңізі арқылы Баку қаласына жөнелтіледі. Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі жетекші транзиттік хабқа айналуды мақсат етіп отыр.

Қазіргі таңда Азия мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұл – елдің сауда мен транзиттегі орнының тұрақтылығын көрсетіп қана қоймай, Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі стратегиялық маңызы бар әрі халықаралық дипломатиядағы ықпалды ойыншы ретінде айқындайды.
———————————————