Жаңа жыл түнін «Жетінші арнамен» қарсы ал!

«Жетінші арна» көрерменіне мерекелік тосынсый дайындады. Өтіп бара жатқан жылды шығарып салып, 2026 Жаңа жылды арнамыздың эфирінде қарсы алуды ұсынамыз. 31 желтоқсанда сіздерді жылдың басты телевизиялық кеші күтіп тұр. Сүйікті әртістер, жүргізушілер мен спортшылардың қатысуымен бес сағат бойы әдемі әзіл және әсем әуенге бөлейміз. Мерекелік кештің сахна артындағы сәттерін алдағы сюжеттен көресіздер.

Сіз салат дайындап, мерекелік дастарқанды әшекейлеп жатқан сәтте сүйікті жүргізушілер нағыз жаңажылдық магияны сыйлайды. Қайрат Әділгерей, Татьяна Турлай, Аша Матай, Динара Сәтжан, сондай-ақ жыл бойы елдегі басты оқиғаларды баяндаған Алмас Әшім, Оксана Петерс және Мадина Алмолдина экранға шығады. Жаңа жыл түні сіздерді күтпеген дуэттер, жылы әңгімелер күтіп тұр, сондай-ақ өтіп бара жатқан 2025 жылды айшықтаған маңызды оқиғаларды бірге еске аламыз.

Жаңажылдық эфирдің тағы бір маңызды бөлігі – ұлттық жетістіктер. Ел мақтанышына айналған спорт қаһармандары Динара Сәтжанның Late night show мерекелік эфирінде қонақ болады. «Қайрат» ФК қақпашылары Темірлан Анарбеков пен Шерхан Қалмурза өздерінің жаңажылдық дәстүрлерімен бөліседі.

Кейбіреулер үшін 31 желтоқсанда моншаға бару – дәстүр, ал «Жетінші арнадағы» жаңажылдық эфир жүргізушілері Қайрат Әділгерей мен Татьяна Турлай үшін басты дәстүр – көрерменге көтеріңкі көңіл күй мен әдемі әзіл сыйлау.

Айта кетейік, бес сағатқа созылатын жаңажылдық нон-стоп эфир қазақ және орыс тілдерінде өтеді – әр көрерменге қызық болары сөзсіз.

Артық сөзсіз айтарымыз – музыкалық бөлімнің өзі «Жетінші арнаны» қосып, арнаны ауыстырмауға тұрарлық. Сахнада жыл бойы хитке айналған ән орындаушылары. Хиттер, премьералар, жанды дауыс пен нағыз мерекелік атмосфера. 31 желтоқсан күні сағат 20:00-де жылдың басты телевизиялық кеші басталады. Оны «Жетінші арнада» бізбен бірге қарсы алыңыздар!
———————————————