Венесуэланың тұтқындалған президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес бүгін Нью-Йорктегі федералдық сот алдында жауап береді. Астана уақытымен сот отырысы түнде өтеді. Мадуроға, оның әйеліне және тағы төрт адамға төрт бап бойынша айып тағылып отыр. Оның ішінде «Наркотерроризм» және кокаин импорттауға бағытталған астыртын сөз байласу бар.
Еске сала кетейік, Мадуро мен жұбайы 3 қаңтарда ұсталып, АҚШ-қа жеткізілген. Венесуэланың астанасы Каракасқа жасалған шабуыл өте жылдам өтті. 4 қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла АҚШ-пен ынтымақтаспаса, жаңа соққы жасауға бұйрық беруі мүмкін екенін мәлімдеді. Ол Колумбия мен Мексикада әскери әрекеттер болуы ықтимал екенін айтып, Кубадағы коммунистік режимнің де «құлауға жақын» екенін жеткізді. Қазіргі уақытта Венесуэланың уақытша басшысы ретінде вице-президент Делси Родригес тағайындалды. Трамптың қоқан-лоққысынан кейін ол бұрынғы қатаң ұстанымынан бас тартып, ымыраға келуге дайын екенін білдірді. Вашингтон Каракасқа басқа таңдау қалдырмаған секілді.
МАРКО РУБИО, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК СЕКРЕТАРЫ:
— Мадуро билігі кезінде туындаған мәселелер әлі шешілмеді. АҚШ оларды шешу үшін қысымды жалғастыра береді, санкцияға ілінген кемелерді конфискациялайды және есірткі тасымалдаушы кемелерді тоқтатады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.