2026 жылдан бастап медицина қызметкерлерін қорғау шаралары күшейтілді

Жаңа жылдан бастап медицина қызметкерлерін қорғау шаралары күшейтілді. Дәрігерлерге шабуыл жасап, денсаулығына қауіп төнгендер 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда елімізде медицина қызметкерлеріне қатысты 280 зорлық-зомбылық дерегі тіркеліпті.
Медицина қызметкеріне күш қолданғаны үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Қылмыстық кодекске бірқатар өзгеріс енгізілді. Құжатта көзделген негізгі мақсат – ақ халаттылардың құқықтарын күшейтіп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мұндай шешім соңғы жылдары қоғамда үлкен резонанс тудырған дәрігерлерге жасалған шабуылға байланысты қабылданды.

ТИМУР МҰРАТОВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Бұл заң жобасы дәрігерлерді қорғау үшін қолданып отыр. Өте керек, өйткені соңғы жылдарда денсаулық сақтау қызметкерлеріне шабуыл жасау көбейіп кеткен.
Жаңа заңда қорқыту мен нақты күш қолдану екі бөлек қаралады. Медицина қызметкеріне қоқан-лоқы жасағандарға ауыр жаза жоқ, бірақ айыппұл салу, түзеу жұмыстарына тарту, 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу көзделген. Ал адам өмірін аман алып қалуға келген мамандарды соққыға жыққандарға жаза әлдеқайда қатаң.

Егер шабуыл бірнеше медицина қызметкеріне жасалса немесе мұндай әрекет қайталанса, жаза да соған сай қатаңдайды. Бұл жағдайда кінәлі адам 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал дәрігердің өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төнсе, сот 5 жылдан 10 жылға дейін сотталуы мүмкін. Ал ең ауыр жағдайларда, жаза мерзімі 12 жылға дейін жетуі мүмкін.

Айта кету керек, дәрігерлер де қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды. Емдеу кезінде қателік жіберсе – Қылмыстық кодекстің 317-бабы, ал медициналық көмек көрсетпесе – 320-бабы бойынша жауап береді. Бұл нормалар бұрыннан бар. Жалпы, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда елімізде медицина қызметкерлеріне қатысты 280 зорлық-зомбылық дерегі тіркеліпті.
———————————————