Жиырма бесінші қысқы Олимпиада ойындарының басталуына бір ай уақыт қалды. Дүбірлі дода Италияда өтеді. Байрақты бәсекеге әлемнің 93 елінен шамамен үш мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Қазақстан атынан он спорт түрі бойынша шамамен 35 спортшы бақ сынайды. Ұлттық құраманың дайындығы қалай?
Ұлттық құрама қоржынында қазір мәнерлеп сырғанаудан Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоровтың атына екі бірдей ресми олимпиадалық жолдама бар. Жалпы болжам бойынша, алдағы қысқы Олимпиада ойындарында еліміздің намысын шамамен 35 спортшы қорғайды. Сонымен қатар шорт-трек бойынша 9, конькимен жүгіруден 12 лицензия бар. Спорт министрінің бұл Олимпиадаға ешқандай болжамы жоқ, бірақ мәнерлеп сырғанау, фристайл-могул, конькимен жүгіру, шорт-трекші спортшыларға үміт артып отыр.
ЕРБОЛ МЫРЗАБОСЫНОВ, ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:
— 1994 жылдан бері сегіз рет қысқы Олимпиада өткен. Тек бес спортшы медаль алған. Өкінішке қарай, 2018 жылдан бастап Олимпиада ойындарында спортшыларымыз медаль алмаған. Осы Олимпиадада барымызды салып, медаль алуға тырысамыз.
Қазақстанның ұлттық құрамасы спорттың он түрі бойынша 58 медаль жиынтығы үшін бақ сынайды. Олардың қатарында биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарысы, трамплиннен секіру бар. Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан туын шорт-трекшілер Денис Никиша мен Яна Хан ұстап шығады. Ұлттық құраманы қолдау мәселесі Үкімет деңгейінде назарға алынды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Байрақты бәсекенің басталуына санаулы күндер қалды. Барлық дайындық шаралары толық көлемде аяқталуы қажет. Осыған байланысты мынадай тапсырмалар беремін. Бірінші, Туризм және спорт министрлігі Ұлттық Олимпиада комитетімен бірлесіп, ұлттық құраманың толық дайындығын қамтамасыз етсін. Түпкілікті құрамдарды қалыптастыру, логистика, керекті жабдықтар, медициналық қолдау және ұйымдастыру мәселелерін тез арада реттеу қажет. Ешқандай көзбояушылық болмасын.
Қазақстандық спортшылардың киім үлгісі таныстырылды. Ашылу және жабылу рәсімінде киетін салтанатты формадан бөлек, жарысқа қатысуға арналған жылы сырт киім тігілген. Сонымен бірге жаттығуға және күнделікті киетін формалар бар. Спорттық киім-кешек бюджеттен тыс, демеушілер ақшасына сатып алынған. Жалпы, бұл ойындарға дайындыққа Қазақстан 13 миллиард теңге жұмсайды.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Жалпы айтқанда, XXV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 6 ақпанда Миланда өтсе, жабылу рәсімі 22 ақпанда Верона қаласында ұйымдастырылады. Спорт додасына әлемнің 93 елінен 3 мыңға жуық спортшы қатысатын Олимпиадада 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Солардың бірнешеуі біздің спортшыларға бұйырсын деп тілейміз.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.