Ол ақшаға құмар емес, тек ақшадан коллекция жинауды әдетке айналдырған. Павлодарлық Виктор Столяров бірнеше елдің монетасын жинаумен әуестенеді. Бүгінде оның жеке қоржынында жүздеген жәдігер бар. Тек тиын ғана емес, сонымен қатар сирек төсбелгілерді де кездестіруге болады.
Павлодарлық Виктор Столяров коллекция жинауға жаны құмар. Қазір оның қолындағы әрбір зат тұнып тұрған тарих. Монета, төсбелгі, ескі банкноталарды азамат көздің қарашығындай сақтап келеді.
ВИКТОР СТОЛЯРОВ, КОЛЛЕКЦИОНЕР:
— Купюраның көбін маған сыйға тартқан. Тіпті студенттер, оқушылар да әкеліп беретін. Негізі барлығын әкемнен басталды. Ол соғыстан Венгрия мен Германияның ақшасын алып келген еді. Бірақ ол кезде коллекция жинау деген түсінік болған жоқ. Сондықтан оның барлығын кітапқа жапсырып тастадық. Осылайша артынша бәрі бүлініп кетті.
Виктор Петрович ата-анасының жолын қуып, тарих пәнінің мұғалімі болды. Жастайынан оны әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыспен байланысты орден, медаль, және естелік монеталар қатты қызықтырған.
Виктор Столяров өзі жинаған жәдігер тарихын бес саусағындай біледі. Әрі оны кейінгі ұрпаққа насихаттап жүр. Бүгінде коллекция жинаумен оның немересі де әуестенеді.
ДАВИД ЕНДЖЕВСКИЙ, КОЛЛЕКЦИОНЕР:
— Мен монеталарды ғана емес, кез келген нәрсені коллекциялауға болатынын түсіндім. Қазір жинаған заттарымды өз ортамда барынша насихаттаймын. Себебі бұл жастардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.
Осылайша бұл отбасы коллекция жинау арқылы жас ұрпақтың сауатын ашуға да ат салысып жүр. Яғни әр елдің ескі тиынымен дүниесінен тарихты тануға болады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.