2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіндегі сұхбатында бұл бағытта биыл көп шаруа атқарылатынын атап өтті. Президент «Жасанды интеллект туралы» заң жақында күшіне енетінін еске салды. Елде цифрлық активтерге арналған CryptoCity пилоттық аймағы құрылып жатыр. Жедел дамитын Alatau city қаласының құрылысы басталды. «Көп ұзамай Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылады. Мемлекеттік деректерді жинау және талдау жұмысының қарқыны күшейіп келеді. Кәсіби мамандар мұндай деректерді алдағы дәуірдің жаңа алтыны деп санайды», — деді Мемлекет басшысы.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін. Оның үстіне Қазақстанда азаматтарымыздың өмір салтын едәуір өзгерткен танымал финтех компаниялар табысты жұмыс істеп жатыр… Мен цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні Қазақстанның даму жолындағы басым бағыт деп жарияладым. Биыл өте көп шаруа атқарылады. Осы айрықша маңызды жұмыстың табысты боларына сенемін».
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.