Петропавлда көктем басталмай, бірнеше үйді су басып қалды. Күні кеше қала шетіндегі «Береке» шағын ауданында жерасты құбыры жарылған. Салдарынан тұрғындардың баспанасы мен дүние-мүлкі бүлінді. Апаттан келген шығынды кім өтейді? Халыққа көмек көрсетіледі ме?
Қала тұрғыны Елена Кузнецованың есі екеу, түсі төртеу. Себебі қыстың көзі қырауда зейнеткердің баспанасын су басып қалды. Салдарынан киім-кешек, жиhаз, тұрмыстық техника бүлінді.
ЕЛЕНА КУЗНЕЦОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Су алдымен дәлізге, артынша бөлмелерге жайылды. Дүние-мүліктің денін сыртқа шығарып үлгердік. Дегенмен төсек орын, жиhаз секілді заттарымыз бүлінді.
ГАЛИНА САЛЬКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Жаңа жылдың алдында ғана үйге жөндеу жүргізген едік. Бәрі зая кетті. Ас үйдегі жиhаз дымқыл тартты. Енді үгітіледі. Еден шылқып тұр. Ол қашан кебеді?
«Береке» шағын ауданында жеті отбасы шығынға батты. Су баспанадан бөлек аула мен қора-қопсыға дейін жайылған.
ДЕНИС ШАРОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
-Үйді жылытып кептірмесек, қатып қалады. Сондықтан ешқайда бара алмаймыз. Бәрін қалай қалыпқа келтіремін?
Апаттың салдарын жоюға бірнеше қызмет жұмылдырылды. Әкімдік өкілдері болса, зардап шеккен түрғындардың үй-жайлары жөнделіп, жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
ТИМУР ЖҰМАНОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Барлық шығынды қаланы сумен қамту компаниясы өтейді. Бағалау аяқталған соң, бригадалар қалпына келтіру жұмысына кіріседі. Егер халық өзіміз жөндейміз десе, өтемақы беріледі. Айта кету керек, әзірге бір отбасы ғана уақытша көшуге келісті. Біз оған әкімдік балансындағы үйлердің бірін ұсындық.
Петропавлда су желілерінің жалпы ұзындығы 344 шақырымды құрайды. Бүгінде оның 58 проценті тозған. Көптеген өңірде жағдай осы. Сондықтан елімізде Президент пәрменімен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды» жаңғырту» ұлттық жобасы іске асуда. Нәтижесінде, елімізде бес жылда 200 нысан жаңғыртылып, 86 мың шақырымнан астам желі жаңарады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.