Нұра кентінде тұрғындар сапасыз жалдамалы пәтерден бас тартты

Қарағанды облысының Нұра кентінде тұрғындар жаңадан берілген жалдамалы пәтерлерден бас тартты. Өйткені көптен күткен баспаналардың сапасы нашар. Үй қабырғалары ылғал, зең басқан.
Қызғалдақ Үшкелбаева жылдар бойы жалдамалы тұрғын үй кезегінде тұрып, көптен күткен пәтерінің кілтін алып қуанышқа бөленгенімен, бұл сезім ұзаққа созылмады. Себебі жаңа пәтердің жағдайы сын көтермейді

ҚЫЗҒАЛДАҚ ҮШКЕЛБАЕВА, НҰРА КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Ондай жерде тіпті жануар да тұрмайды. Себебі біз бұған дейін оның қандай материалдан салынғанын өз көзімізбен көргенбіз. Ал қазір кіріп қарасақ, бәрі мінсіз етіп жасалғандай көрінеді. Бірақ мұндай үйлерде тышқандардың өзі тұрмайтын шығар.

Зең басқан, бәрі еріп, ылғал болып осында жиналып қалады

Жаңа ережелерге сәйкес жергілікті әкімдік жеңілдетілген тұрғын үйді салмайтын болып шықты. Орнына билік өкілдері дайын пәтерлерді конкурс негізінде сатып алады.

БАҚЫТЖАН ЕСЖАНОВ, НҰРА АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бұл үйлерді біз конкурс арқылы сатып аламыз. Конкурсқа кім қатысатынын алдын ала біле алмаймыз. Байқау жариялаған соң, қатысушылар өтінім береді, ең төмен баға ұсынғаны жеңімпаз атанады. Ал техникалық тексеру биыл міндетті түрде жүргізіледі.

Аудандық әкімдік өкілдері жаңадан салынған үйлердің жағдайы тұрғындар айтып отырғандай адам шошырлық емес дейді. Сондай-ақ қоныстанбай тұрып, ғимаратқа мұқият тексеру жүргізілетінін айтып, бұл нысандарға 3 жылдық кепілдік мерзім қарастырылғанын еске салды.
———————————————