10 түрлі шайдан ағзаға зиянды заттар табылды

Халық ұнатып ішетін 10 түрлі шайды сатуға тыйым салынды. Санитар мамандар олардың құрамынан бояғыштар тапқан. Ол аздай, кейбір өндірушілер қаптаманың сыртында өнімнің жиналған және қапталған жері деп жалған мекенжайды көрсеткен. Ол қандай шайлар?
Шайқұмарлар шайды таңдап ішпесе, болмайды. Санитар мамандар дүкендегі қара шайдың кейбір түрінен бояғыш тапқан. Ол – шай құрамында қолдануға болмайтын «Күнбатыс» (Е110), тартразин (Е102) және понсо 4R (Е124) бояғыштары. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер техникалық регламент талаптарына сай келмейтін 10 шайды елге әкелуге және сатуға уақытша тыйым салды.

ДАНА ҚАСҚАТАЕВА, СЭБ КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:
— «Апамның шайы Premium gold», «Sultan Suleyman», «Pakistan tea», «БАЛҚИЯ Premium gold», «Aje Onim», «Al-Hayat Gold», «Al-Jannat Premium», «Alfarah» шайы өнімдерінің құрамынан осындай тыйым салынған бояғыштар анықталды. )азіргі кезде сатылымнан алып тасталды.
Бояғышты көп қосып қана қоймай, шай өндірушілер қаптамаға өндірілген және қапталған жері деп жалған мекен-жайды көрсеткен. Кейбір шайдың қорабында өндірілген жері мүлдем жазылмаған. Енді бірінің тиісті рұқсат құжаттары жоқ. Осы шайды шығарған 7 компанияның сертификатының күші жойылды, деді санитар маман. Шай шығарушылар енді базар, дүкендерге таралып кеткен шайды жинап алуы тиіс. Бірақ, саудада бұл өнімдер әлі де бар.

«Шайдың құрамында бояғыштың бар-жоғын анықтау өте оңай», — дейді санитар мамандар. Сусын әдемі түске боялып, жағымды дәм берсе, демек, бояғышы бар. Сөрелерде самсап тұрған шайдың бірін біз де сатып алдық.

ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Қазір бұл шаймен өзіміз сынама жүргіземіз. Бұл шай – санитар мамандар сатуға тыйым салған шайлардың бірі. Шайға салқын су құйып бояуы қаншалықты шығатынын тексереміз. Міне, өздеріңіз көргеніңіздей, салқын су болғанымен, шайдың бояуы жақсы шығып тұр. Демек, бұл шайға бояғыш өте көп қосылған.

АЛДАШБАЙ СҮНДЕТОВ, ЭНДОКРИНОЛОГ-ДӘРІГЕР:
— Негізі, барлық шайда бояғыштар бар. Біздің күнделікті тұтынатынымыздың барлығында бар. Бояғыштардың зияны, әрине, бар. Бұрын ата-бабамыз шайды өте көп ішкен. Ол радиациядан қорғаған. Таза шай, шынымен де радиациядан қорғайды, асқазанға да пайдалы. Ал егер құрамында бояғыштар болса, ол асқазан-ішек жолдарына зиян. Мысалы, егер адамда созылмалы аурулар болса, гастрит, панкреатит, холецистит сияқты зиянын тигізеді.

Қазақстан – шайды көп тұтынатын ел. Бірақ шай ішуден Түркия, Марокко, Ирландия мен Ұлыбританиядан кейінгі бесінші орында тұрмыз. Бір адам орташа есеппен жылына 1,5 келі шай ішеді. Санитар мамандар соңғы тексеруден кейін әзірше ел дүкендері мен базарларынан 600 келі сапасыз шай тәркілеген.
———————————————