Биыл Астанада жүргізушісіз таксилер пайда болмақ. Автономды көліктер алдымен пилоттық режимде сынақтан өтеді. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді. Оның айтуынша, цифрлы технологиялар саласындағы жаңалықтар бұл ғана емес. Елімізде «AlemGPT» жасанды интеллект платформасы пилоттық режимде сынақтан өтуде. Бұл жоба мемлекеттік қызмет көрсету үдерісін қаншалықты жеңілдетпек?
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осыған байланысты Үкімет басшысы экономиканың барлық саласына озық технологияларды кеңінен енгізуді тапсырды. Себебі бүгінде өндіріс орындарында цифрлық технологияларды енгізу қарқыны баяу. Осы ретте жауапты ведомство мұнай-газ, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында, алдағы уақытта цифрландыру жұмыстары күшейтілетінін мәлімдеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің баяндауынша, былтыр елімізде 2600-ге жуық ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Биыл тағы 1900 елдімекенді ғаламтор желісімен қамту көзделген.
ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
— Халықтың 99 пайызы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі. Оны іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдар жер учаскелерін бөлуге толық жәрдем көрсетуі керек. Сондай ақ әкімдіктерге өз өңірлерінде интернет сапасын мемлекеттік бақылауға және айыппұл салуға өкілеттіктер берілген.
Елімзде барлық мемлекеттік қызметті бір платформаға көшіру жоспарланып отыр. Көпфункционалды «AlemGPT» жасанды интеллект платформасы пилоттық режимде сынақтан өтуде. Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев аталған жоба мемлекеттік қызмет көрсету үдерісін едәуір жеңілдететінін атап өтті.
ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
— Болашақта «Аlem GPT» платформасы қызметті бастау сәтінен бастап түпкі нәтижеге дейін бір терезе қағидаты бойынша алуға мүмкіндік береді. Бұл платформа жасанды интеллект көмекшісіне айналады. Бұл жоба бірнеше сервисті қатар қолдану қажеттілігін жояды. Әрі мемлекеттік аппарат қызметін жақсартуға ықпал етеді.
Жасанды интеллектің дамуы алаяқтықтың жаңа, күрделі түрлерінің пайда болу қаупін де арттырып отырғаны аян. Осы ретте Премьер-министр Олжас Бектенов нақты тапсырма берді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— ІІМ жасанды интеллект министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осындай әркеттерді тиімді анықтау және тану тетігін әзірлеуі қажет. Жалпы қолданыстағы құралдармен цифрлық шешімдерді жетілдіру бойынша тұрақты проактивті жұмыс жүргізуі қажет. Бұл қоғамның онлайн қызметтерге сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Көлік жүйесін дамытуда Елордада ақылды технологиялар кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Биыл Астанада жүргізушісіз такси қызметін іске қосу жоспарланған. Автономды көліктер алдымен пилоттық режимде сынақтан өтеді. Жоба «ақылды қала» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылмақ.
Азаматтардың қауіпсіздігіне де баса мән берілген. Мамандардың айтуынша, жүргізушісіз көліктер қызметі инфрақұрылым мен заңнамалық талаптар толық дайын болған жағдайда ғана іске қосылады.
РОСТИСЛАВ КОНЯШКИН, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Қазір біз бұл жобаны іске асыру бағытында Ішкі істер органдары, Көлік транспорты және Астана қаласының әкімдігімен бірлесе жұмыс істеудеміз. Пилоттық жобаның алғашқы кезеңінде тестілік полигон құрылады. Қозғалыс тек жолдағы қауіп-қатерлер толық бағаланғаннан кейін және оператор мен өндірушінің тікелей бақылауымен жүзеге асады.
Сала мамандарының мәліметінше, бұл жобаға әлемнің ірі мегаполистерінде сынамадан өткен, қауіпсіздігі дәлелденген автономды көліктер ғана тартылады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.