Ауа райына байланысты солтүстік пен орталықтағы жолдар жабылды

Жыл басталғалы қыс қаһарына мінбесе де, жауын шашынды, қарлы-боранды болып тұр. Қазір Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында ауа райы күрт нашарлап, ақтүтек боранда көріну нөлдік деңгейге жеткендіктен, республикалық, облысаралық жолдар кезек кезек жабылуда. Алайда қолайсыз ауа райына қарамастан жолға шыққан талай жолаушыны құтқаруға тура келген.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Биыл қыс жылы болады деп болжағандар да бар. Оған Жаңа жыл мерекесі алдында жауған жаңбыр дәлел. «Қазгидромет» синоптиктері де қаңтар айында елімізде климаттық нормаға қарағанда жылырақ болады», — деп отыр. Дегенмен қытымыр қыс еліміздің солтүстігі мен орталығында алай-дүлей боранымен мінез көрсетіп отыр. Қазір ауа райының күрт нашарлауына байланысты көптеген күре жолда жүздеген көлік қаңтарылып тұр.

Биылғы қыста ауа райы қырық құбылып тұр. Қарлы жаңбыр, жел күшейіп, боранды, тұманды әрі көктайғақ. Ара тұра аяз да көтеріліп, қаһарлы қыстан хабар беріп қояды. Дәл қазір еліміздің солтүстігі мен орталығында ақ түтек боран. Бірнеше өңірде республикалық, облысаралық жолдарды уақытша жауып тастауға тура келген. Жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция да тәулік бойы кірпік қақпай кезекшілік етуде.
НАЗАР ИСЕНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ПД ИНСПЕКТОРЫ:
— Ақмола облысында екпінді жел,қарлы боран соғып, ауа райының күрт нашарлауына байланысты Көкшетау-Атбасар учаскесіндегі жол уақытша жабылды. Тұрғындарға қандай да бір аса қажеттілік болмаса, елді-мекеннен ұзап шықпауға кеңес береміз.

Дегенмен алай-дүлей боранға қарамастан жолға шыққандар бар. Мәселен, Ақтөбе облысының Алға және Хромтау аудандарында 11 автокөлік қар құрсауынан шығарылып, 33 адам құтқарылды, олардың 7-і – бала. Қостанай облысында да республикалық маңызы бар «Алматы – Екатеринбург» автожолының жабық учаскесінде құтқарушылар 5 адамды, оның ішінде екі баланы эвакуациялап, жылыту пунктіне жеткізген. Сондай-ақ Ақмола облысының Есіл ауданында блок-бекетте автобус жолда қалып, төтенше жағдай қызметі Ресей Федерациясының 46 азаматын жылыту орнына жеткізген. Синоптиктер қарлы боран әлі де жалғасатынын айтып ескертеді.

Аязды күндер де алыс емес. Синоптиктер қаңтардың екінші және үшінші онкүндіктерінде солтүстік, солтүстік-батыс, шығыс және орталық өңірлерде суық ауа массаларының енуіне байланысты күрт аяз күтілетінін ескертеді. Бұл кезеңде түнде ауа температурасы -25…-35 градусқа дейін төмендеп, күндіз -15…-20 градусқа дейін суытады.
———————————————