Прокурор Айзат Жұманованың күйеуін 15 жылға соттауды сұрады

Талдықорғанда күйеуі ұрып өлтірген 32 жастағы Айзат Жұманованың қазасына байланысты сот процесі өтіп жатыр. Сотта мемлекеттік айыптаушы күдікті Айбар Жанболатқа 15 жыл жаза кесуді сұрады. Оған «Адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылған.
«Адам өлтіру» бойынша істі Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр. Еске сала кетейік, қанды оқиға 2025 жылдың 21-інен 22 маусымына қараған түні Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылында болған. Отбасылық жанжал кезінде күйеуінің соққысынан Айзат Жұманова көз жұмған еді. 2 жасар сәбиін шырылдатып, анасын өлтірді деген күдікті Айбар Жанболатқа прокурор бапта көрсетілген мерзімі ең жоғары жаза тағайындауды сұрады.

НҰРЛАН БІЛІБЕКОВ, ПРОКУРОР:
— Сотталушы Айбар Жанболатты ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға жазасын тағайындауыңызды, жазасын өтеуді қылмыстық Атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеуді.

Бұған дейінгі сот процесінде сот-медициналық сарапшыдан жауап алынып, марқұмның неден қайтыс болғаны туралы айтылды. Марқұм Айзат Жұманованы күйеуі мен енесі ес-түссіз адам шошырлық күйде ауруханаға әкелгені жайлы бейнежазба көрсетілген болатын. Қызымды асқан қатыгездікпен өлтірді деген анасы сотта бұл жазамен келіспейтінін айтты.

САЛТАНАТ ЖҰМАНОВА, АЙЗАТ ЖҰМАНОВАНЫҢ АНАСЫ:
— Өмір бойына сотталсын деп тілеймін. Мен алтын асықтай қызымды қолына салып бердім. Қызымның қадіріне жете алмады. Қызымды азаптап, қинап өлтірді. Ең құрығында, бір жері ғана жарақаттанса абайсызда деп ойлар едік. Бірақ мен бұл сөзбен мүлдем келісе алмаймын. Жанына қорғаныш бола алмадың, Айбар! Қызыңның өміріне балта шаптың!

Бастапқыда іс «Адам өлтіру» бабымен қозғалған. Жәбірленуші тараптың шағымынан кейін іс «Қасақана кісі өлтіру» ретінде қайта қаралды. Бүгін Айзат Жұманованың күйеуі, айыпталушы Айбар Жанболат жарыссөздегі соңғы сөзін айтты.

АЙБАР ЖАНБОЛАТ, АЙЫПТАЛУШЫ:
— Осылай болғанына қатты өкінемін. Жан жарымның жаны жаннатта, тәні рақатта болсын! Жарымнан айрылып, баламның жетім қалғаны маған да оңай болып тұрған жоқ. Маған тағылып жатқан айыппен келіспеймін. Қасақана әдейі өлтіру ниетімде болмады.

Қайғылы оқиға болған күні айыпталушы мас күйде болған. Айта кетейік, тергеу нұсқасына сәйкес, марқұм Айзат Жұмановаға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық жүйелі түрде жасалған болуы мүмкін. Сот отырысы әлі жалғасады. Үкім кесетін күн алыс емес.
———————————————