Атырау облысында жоғалған отбасыға қатысты тың дерек. Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғынына іздеу жарияланды. Бұл – дәл сол отбасының күйеу баласы. Сондай-ақ өзгелердің қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Бүгін Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында өлі табылған отбасының екі мүшесі, яғни әкесі мен шешесі жер қойнына тапсырылды.
Атырау облысы Қызылқоға ауданының Жангелдин ауылынан тыныштық кеткен. Қарашада жоғалды деген отбасының екі мүшесі 6 қаңтар күні ауладағы сарайдан өлі табылды. Марқұмдар бүгін жерленді. Бұл жағдай ауыл тұрғындары ғана емес, бүкіл елдің жағасын ұстатты.
ҮСЕН ЖОЛДАСҰЛЫ, ЖАНГЕЛДИН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Бұл кісілер ешкімге зияны жоқ, адал еңбегімен, малымен, зейнетақысымен күн көріп отырған. Екі баласы да зейнетақы алады, екеуінің де аяғы кем. Өзімен-өзі жүрген адамдар. Аяқ астынан осындай төтенше жағдай болды. Түптеп келгенде, ешкім білмей қалды, көршілері де білмей қалып тұр.
Жоғалған отбасының ұлы Наурыз Мұқанғалиев қарашада туыстарына хабарлама жазып, 10 желтоқсанда келетінін айтқан. Бірақ айтылған уақытта оралмады. Кейін Наурыздың ұялы телефоны арқылы 20 шақты ұсақ мал мен екі ірі қараның сатылғаны белгілі болды.
ШАЛҚАР МҰҚАНҒАЛИЕВ, ТУЫСЫ:
— Неге іздемейді деп жазып жатыр ғой. Іздемеуіміздің себебі – Наурыздың бізбен мессенжер арқылы байланысқа шығып отырғаны. СМС-хат жолдап отырды. «Анамыз ауырып қалды, сол үшін малды сатып жатырмыз», — деп ауыл азаматтарына шыққан. Бірақ ешкімге аудио жазбаған, видео-қоңырау соқпаған, тек мәтін жазған. «Үйде осындай мал бар, өзің қалаған бағаңа ал, маған ақша керек», — депті.
ФАРИЗАТ КЕНЖЕҒАЛИЕВА, ТУЫСЫ:
— Егер жеңгем алыс жолға барса, ағам үйде қалады. Ағам ешқашан бұл үйді тастап кетпейді. Ол – мал-жанын тастамайтын адам. Кетіп бара жатса да, айтып кетеді. Мен желтоқсанның 14-інен бастап қозғалдым. Бұл не себептен мал сатып жатыр? Бара-бара үйді сата ма деген оймен қимылдадым. Оған дейін білген жоқпын.
Үй иесінің ұлы мен қызының қайда екені әлі белгісіз. Мейрамгүл Қарабалиева мен Наурыз Мұқанғалиев әлі іздестіріліп жатыр. Бүгін Полиция департаменті жоғалған отбасының күйеу баласы, яғни Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғынына іздеу жарияланғанын мәлімдеді.
АБАЙ ЖҰМАБАЕВ, КРИМИНАЛДЫҚ ПБ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қылмысқа күдікті – Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны. Сондай-ақ өзге де тұлғалардың қатыстылығы тексерілуде. Еске саламыз, 25 желтоқсанда полицияға аталған отбасының жоғалып кеткені туралы олардың туыстары хабарласқан. Әлеуметтік желі қолданушыларын ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға және жалған не расталмаған мәліметтерді таратудан бас тартуға шақырамыз.
Іздестіру тоқтаған жоқ. Жангелдин ауылының маңы толық тексеріліп жатыр. Төтенше жағдай қызметі су асты дронын да қолдануға кірісті.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.