Шығыс Қазақстан облысына қарасты Жаңа Бұқтырма кентіндегі жылу қазандығының жұмысын үздіксіз қамтамасыз ету үшін дизельді генераторлар сатып алынды. Себебі туристік елді мекенде электр қуаты жиі сөнеді. Кейде бірнеше маңызы бар нысан сағаттап жарықсыз қалады. Ал жауаптылардың сөзінше, аймақтағы желілер қазір апаттық жағдайда. Мәселе қашан шешіледі?
Жаңа Бұқтырма кенті – болашағы зор елді мекеннің бірі. Қазақстандағы ең ірі жасанды су қоймасының жағалауында орналасқан. Жазда мұнда мыңдаған турист демалады. Алайда ауданда желілер әбден тозған. Жел соқса, жарық жиі өшеді. Ал жылу сорғы станциясының жұмысына тұрақты электр қуаты қажет. Сондықтан атқамінерлер мәселені шешудің балама жолдарын қарастырып қойған.
ҚУАТ ЖУАНҒАНОВ, АЛТАЙ АУДАНЫ ТКШ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Апат болған кездері қазандықтың жұмысы тоқтайды. Салдарынан жылу берілмейді. Сондықтан мұндай жағдай қайталанбас үшін, резервтік ресурс дайындап, дизельді генераторлар сатып алдық.
Зейнеткер Татьяна Толстова желілердің жаппай жаңартылғанын қалайды. Себебі электр шәйнегін қосайын десе, жарық өшіп қалады ма деп алаңдайды.
ТАТЬЯНА ТОЛСТОВА, ЖАҢА БҰҚТЫРМА КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Электр жарығы болмаса, бәрі тоқтап қалады. Тіпті тамақ әзірлеуге де мүмкіндік жоқ.
Энергетиктер бұл проблемадан құлағдар. Жалпы аймақта бүгінде электр жүйесінің 84 проценті тозған. Яғни 35 мың шақырымнан астам желіні жаңарту қажет.
ӘЙГЕРІМ АРҒЫНБАЙ, ЭНЕРГОСЕРВИСТІК КОМПАНИЯ БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ:
— 2026–2030 жылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында тиісті жұмыстар жүргізіледі. Нәтижесінде біз тозған желіні тағы 11 пайызға төмендетеміз деген жоспар бар.
Алдағы 4 жылда өңірде 2 мың шақырымнан астам электр желісі ауыстырылады. Сондай-ақ қосалқы станциялары да жаңғыртылмақ.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.